9 дек. 2009 г.

Тұңғыш немеремнің атын Бату қойдым










Мұхтар Мағауин:

«Тұңғыш немеремнің атын Бату қойдым»


Прагаға келіп тұрып, осындағы Алаштың аймаңдай ұлы Мұхтар Мағауинмен әңгіме-дүкен құрмау елден Еуропаға құр әншейін саяхаттап келіп, бос қайтумен бірдей секілді еді. Сөйтсем, Мұхтар Мағауин ешкімге интервью бермейтін жазушы екен. Сөйлесе келе, көз жеткен бір жай, жазушы қаламынан туған шығармасына ғана емес, аузынан шыққан әр лебіз­ге де ерекше жауапкершілікпен қарайтын көрінеді. Мұхтар ағамен арадағы әңгімеміз екі-үш сағатқа созылды. Біз соны біраз ықшамдап, бүгінгі оқырманға ең бір керек-ау деген тұстарын әңгіме-дүкенімізде ұсынып отырмыз. Жазушының аузынан шыққан әр лебізді қаз қалпында қалдырдық. Газет тіліне салып, қарабайырландырып жіберуден қашқан жа­йымыз бар. Мағауиннің өз бейнесі бар болмыс-бітімімен көрініп тұрса - еңбегіміздің текке кетпегені.

Мұхтар Мағауин көркем сөздің ғана емес, көсемсөздің де шебері ғой. Бір кезде ол өзін Ақтөбеден Жұбаназар Асанов деген жігіттің іздеп келгенін тілге тиек етті. Ол кезде жазушының атақ-даңқы Алашқа әлі бүгінгідей әйгілі бола қоймаған. Іздеп келген жігіттің мамандығы математик екен. Жазушыға қарапайым оқырман ретінде тәнті болғандықтан алыстан ат сабылтып жетіпті.

- Мені ең алғаш рет ұлы жазушы деп атаған сол жігіт, - дейді Мұхтар аға жымиып. Кейін сол жігіт Мұхтар ағамен арадағы әңгімені облыстық газетке жариялап, айды аспанға бір шығарған екен.

Содан кейін біздің бағымыз жанды. Өйткені жазушының "Орталық Қазақстан" газетіне деген ілтипат құрметі ерекше екенін бұрыннан білетінбіз. Біздің газет пен жазушы шығармашылығы арасындағы байланыс сонау 70-ші жылдардан бастау алады. Мағауиннің "Тазының өлімі" деген повесіне республикада ең алғаш­қы болып, ойлы пікір білдірген біздің газет. Оның авторы өзіміздің жерлесіміз жазушы, марқұм Асан Жұмаділдин...

1972 жылы 32 жасында: "Маған қарсы адам - қазақ халқының жауы" деп жазған Мағауин ғой бұл! Алаш идеясын бүкіл жан дүниесіне сіңірген қазақ қана айта алады мұндай сөзді. Содан бергі уақыт жазушының ерекше дарын иесі ғана емес, ерен азаматтығы мен шығармашылық ізденістерінің жұлдызды сәтін де паш етті. XY ғасырлардағы жыраулар поэзиясын жарыққа шығар­ған жан қиярлық еңбегі шығармашылық ерлікпен пара-пар десе болады. Оған дейін қазақ әдебиетінің тарихы ХVIII ғасырдан - Бұқар жыраудан ғана басталатын-ды. Мағауин оны үш ғасыр­ға тереңдетті. Әдебиет шежіресіне Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз сынды әлемдік поэзияда бұрын-соң­ды болмаған ұлы жыраулар келді!

Содан бері Мұхтар Мағауин ылғи тыңға түрен салып келеді. Іле-шала ұлттық әдебиетіміздегі тарихи романдардың үлгісі саналатын "Аласапыран" дилогиясы дүниеге келді. Совет өкіметінің қабағынан қар жауып тұрғанда Мәскеудің "Советский писатель" баспасынан әлі ақталмаған Шәкәрімнің өлеңдерін шығаруы жазушының асқақ азаматтық келбетін жалпақ жалғанға жария етті! Күні кеше жарық көрген "Қыпшақ Аруына" дейінгі аралықта оқырман көзайымына айналған қаншама інжу-маржандай көркем дүние ұлттық әдебиетіміздің алтын алқасындай көз жауын алып тұр?!

Мағауиннің әрбір шығармасы әдебиетіміздегі ірі оқиға десек артық айт­қанымыз емес. Оның ұлттық құнардан қуат алатын әрбір көркем дүние­сінен бүкіл адамзаттық проблемалар көрініс тауып жатады.

Осыдан 5 жыл бұрын Қарқаралыға келген сапарында Мұхтар ағамен Құнанбайдың мешітіне құран оқытып шыққанымыз еске түскен. Мешіттен шыға бергенде жазушы:

- "Абай жолындағы" Құнанбай бейнесі бөлек қой, - деп еді. - Бірақ оны бұдан да кемеңгер, кемел, білгір адам ретінде суреттеп шығуға Әуезовтің дарын қабілеті қаптал жететін еді. Өз заманындағы моральды берік ұстан­ған кісі ретінде Құнанбай "Абай жолындағыдан" мүлде басқа адам бол­ған. Бір кезде Янушкевичтің жазбалары жал­ғанның жарығына шыққанда Құнанбай біз ойлағаннан бөлек адам екен ғой, заманының тұлғасы екен ғой деген әңгімелер шыққан. Қазір уақыт өткен соң айта береміз, бұлай жазуға болар еді, олай жазса қайтер еді деп... Әуезовтің заманы бізді­кінен басқа болды. Әуезов оны сол қатал қоғамның кезінде де ғарыштық биікке көтеріп кетті ғой, - дегенін есіне салдым.








Құнанбай қазақ тарихындағы өзгеше тұлға!






- Құнекең қазақ тарихындағы өзгеше бір тұлға осы күнге дейін өзінің бағасын, орнын ала алмай келе жатқан. Басқаны былай қойғанда, Абайдың әкесі деген атақтың өзі қазақтың тарихында алтын әріппен жазылуға лайық. Ал, Абай мен Құнанбай әңгіме болған кезде біз бір мәселені көбіне ескермей жүрміз осы уақытқа дейін. Ол - Құнанбайдың, яғни Абайдың шыққан тегі, ата тегі деген мәселе. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Абайдың тууы - Құнанбайдан тууы, Құнанбайдың сондай өзгеше тұлға болып қалыптасуы кездейсоқтық емес, өйткені Құнекең, демек, Абай - біздің қазақ халқының неше мың жылдық тарихында қалыптасқан, турасын айту керек, асыл тұқымынан.

Ата тегіне келетін болсақ, Абайдың жетінші атасы, яғни Құнекеңнің алтыншы атасы - Сары деген кісі. Сары өз заманында үлкен батыр болған, Еңсегей бойлы Есім ханның заманында қол бастаған батыр болған. Сол кездегі бұлғақ заманында атақты Қатаған Тұрсын ханның Қоңырбике деген қызын алған. Қоңырбикеден Кішік туған, осыдан барып Абай тарайды, Абайдың әулеті тарайды. Яғни осы тұрғыдан алатын болсақ, онда Абайдың әулеті, Құнекең - тура қазақтың Әз-Жәнібек хан, одан ары қарай Орыс хан, одан ары Жошы хан, одан ары тура Шыңғыс ханның өзінің тікелей әулеті болып шығады. Бұл - бір жағы. Екінші жағы, жаңа айттық, Сары - қол бастаған батыр болды деп. Одан кейін барып шыққан Ырғызбай да өз заманында үлкен, ірі батыр болған. Ыр­ғызбайдың бәйбішесі - Абылай ханның заманындағы, ханның оң тізесін алған атақты Керей Ер Жәнібек батырдың қызы, яғни Өскенбайдың шешесі, Құнекеңнің әжесі - Ер Жәнібектің қызы.

Осы тұрғыдан алғанда, біздің қазақ халқының қанында ғасырлар бойы жинақталған өте бір асыл қасиеттер осы әулеттің жетесінде мол еді. Сондықтан да Абайдың ХІХ ғасырда тууын кездейсоқтық деп қарауға болмайды. Ал енді Құнекеңнің өз басына келсек, егер бір ғасыр бұрын жасаған болса, ол ұлыстың бегі, ханның бас ақылшысы болатын еді, Абылай ханның заманында. Тәуке ханның заманында туса, "Жеті жарғыны" шығарушылардың бірі, Қасым ханның заманында туса, "Қасқа жолды" ұстайтын үлкен, ірі қайраткерлердің бірі болар еді.

Құнекең сол аға сұлтан болған кезін­де де, одан бұрын да, одан кейінгі уақытта да ұлттық мүдде тұрғысынан саясат жүргізген. Абайдың әкесін қалай бағалағаны өз шығармаларынан көрініп тұр: "Мұқым қазақ баласы, - Түгел ақыл сұрапты" - деген. Құнанбай өз заманының барлық даналығын ойына сіңірген, қазақтың халық әдебиетін, ескі сөздерін, жыраулар мен билердің нақыл толғауларын, бір сөзбен айтқанда, бүкіл қазақ халқының философиясын, далалық философияны бойына сіңірген адам. Абайдың дүние танып, қалыптасуына Құнекеңнің орны айырықша бол­ған. М.Әуе­зов романындағы жағдайлар өз кезінде заман ыңғайымен кеткен мәселе. Құнанбай ескіліктің бейнесі сияқты болды, Абай жаңалықтың жаршысы сияқты болды. Шын мәнінде, тарихи шындыққа қайшы келетіні өз алдына, көркемдік жағынан да Әуезовтің ұтысы деп айтуға болмайды.

Туғанда кіндігі Абай топырағына түсіп, ақыл-есі кіргеннен Абай рухына шомылған М.Мағауиннің көкірегі көз жеткізсіз дария, тылсым ой, тұңғиық сезімдерге толы. "Жармақтың" соңғы нүктесін қойып, көңілі жайланған аға­мыз енді Шыңғыс хан туралы романға білек сыбана кірісіп кетіпті.

- Бұл баяғы бала кезде көңілге ұялаған ой ғой, - дейді Мағауин. Шың­ғыс хан адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі. Егер Шыңғыс хан болмаса, қазақ деген халық та болмас еді.

Мен бірінен-бірі сүйкімді 9 қыздан соң туған, мойынға бұршақ салып тілеп алған еркек кіндікті алғашқы немеремнің атын Бату қойдым - Шыңғыс ханның сүйікті немересі, біздің ұлы мемлекетіміз Алтын Орданың негізін сал­ған Бату ханның құрметіне. Батыс Еуропада туған екінші ұлдың аты - Байдар, Шыңғыс ханның тағы бір немересі, 1241 жылы 11-шi көкекте Легница түбіндегі жойқын ұрыста бүкіл Еуропаның біріккен кірестшілерін тал­қандаған сайыпқыран Байдар сұлтанның құрметіне. Сол екі аралықта Алматыда туған немеренің аты - Тоғым, Қазақ Ордасының қаһарман ханы, өзінің "Тоғыз сары" аталатын тоғыз ұлымен қатар саны басым, біріккен моғол-өзбек әскеріне қарсы соғыста, Үш Қарқара, Кегеннің сырты - Сан-Таш аңғарында, 1537 жылы, 27 шілде, жұма күні шәйіт болған Тоғым ханның құрметіне қойдым.

Шыңғыс ханның жорықтарынан кейінгі ең бір айқын көрініс ретінде біздің ұлы мемлекетіміз - тарихта Қыпшақ ұлысы аталған Алтын Орда құрылды. Күш-қуаты әлемді тітіретті. Сән-салтанаты, жер-жиһанға жар болды. Тауарихтың тағы бір толқынында Ежелгі Түрік қағандығының, одан соңғы Шыңғыс хан ұлысының, оған жалғас Алтын Орданың тікелей мұрагері - Қазақ Ордасы бой көтерді. Шыңғыс хан қалыптастырған мемлекеттік жүйе, жарғы, жоралар ізімен Московиядан бастау алатын Орыс мемлекетінің өзі Шыңғыс хан үлгісімен құрылған болатын. Бүгінгі қазақ хал­қының жер бетінен өшіп кетпей, ел болып, жұрт болып отыруы - дүние қайтадан бұзылған алағай-бұлағай заманда дербес ту көтеріп шыққан осы Қазақ ордасы дейтін мемлекеттің арқасы. Ал Қазақ Ордасының негізін салған Керей мен Жәнібек - сол Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы.

Біздің тарихшылар 700 жыл бойы моңғолдар биледі дейді. Орыс тарихшыларының айтқанын қайталайды. Шыңғыс ханмен болған жойқын соғыс­та, кейбір ағайындар айтып жүргендей, біз Отырарды қорғағанымыз жоқ, жаудан бостан қылдық. Қыпшақ қауымына, яғни, бізге тиесілі Отырарды ілкіде Хорезм басып алған болатын. Ал біз Отырарды қайтарып алдық. Неге десеңіз, Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түрік тайпалары еді. Сол кезде атағы шыққан зорлары - Керей, Найман, Жалайыр, Қатаған, Қоңырат.

Тарихқа ой салып қараңыз. Патшада ұлт болмайды. Түбін қазсаң, орыс патшалары түгел неміс болып шықпай ма? "Аласапыранды" жазғанда бір байқағаным, поляк патшаларының көбі швед екен. 1646 жылдан 1911 жылға дейін Қытайды Мәнжурлер биледі ғой. Оны қытайлар қайдағы бір бөтен біреу демейді, Цын династиясы дейді.

Еуропаны аяғынан тік тұрғызған жұрт, ел айтып жүргендей, қайдағы бір монғол-татарлар емес - өзіміздің қазақ екен! Ендеше, бізге елдің қоры болу - ұят! Тәуелсіздік тізгінін алған қазақ елінің күндердің күні өркениет өрінен ойып орын алатынына бек сенімді ол!

Жазушылық - Мағауиннің ойынша, адамтану ғылымы. Ал бұл адамның ең басты қасиеті - ата-бабаның ақ жолына беріктік. Яғни, адамдық негізі жазушының өзінен басталуға тиіс. Қаламгерлік өнерге "Молданың істегенін істеме, айтқанын істе" деген қисын жүрмейді. Өзің қандай болсаң - жазуың да сондай болмақ.

"Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан бөз ереді" дейді қазақ. Ұзақ-сүрен әңгімеден бір бай­қағаным, Мұхтар Мағауиннің елге, жерге деген өкпе назы жоқ, қайта махаббат сүйіс­пеншілігі, сағыныш сезімі жүректі тербейді. Прагаға алаңсыз жазу үшін барғаны көрініп тұр.

- Мына терезенің алдындағы қарағайды көрдің бе? - дейді Мұхтар аға - Қарқаралының қарағайына ұқсай ма? Жоқ! Оның болмыс-бітімі бұдан ерекше...

Жазушы үй алдындағы бақшасын аралатты. Алма мен шабдалы өсіп тұр.

- Алматының алмасының иісі бөлек қой! - дейді Мұхтар аға тағы да терең ойға батып.

Туған жер, туған топыраққа түк жетпейтінін алыста - Еуропада жатып, жан-жүрегімен сезінгені байқалады. Біз өз үйіміз - өлең-төсегімізде жүріп, оның қадір-қасиетін бағалап жүрміз бе? Алаш­қа адамзаттың алыс түк­пірінен көз салған жазушының жүрегін небір ғажа­йып сиқыр әуен жайлап бара жатқандай сезіледі. Елге деген сартап сағыныш салқын ақылдың тезіне түскен сайын Алаш жайлы алтын ойлар қорытпасы ақтарыла беретіндей көрінді маған...

Әуелі "Қобыз сарыны" моно­графия­сында, кейін "Алдаспан" антологиясында түпсіз терең тарихымыздың қойнауында ұмыт бола жаздаған жыраулар поэзиясын инемен құдық қазғандай зерт­теп, ерінбей зерделеп, көк түркінің бүгінгі ұрпағының игілігіне жаратқан ересен еңбегін жазушының өзі: "Алдаспан" - тар замандағы қазақ рухының қайтпас қайқы қылышы еді. Тәңірінің таңдауымен біздің қолға берілді. Нық ұстадым, қолайын таптым, қиялай шауып, қапысыз сілтедім", - деп тебіренеді. Әдебиет зерттеушісі болмасам да, сөз құдіретін ұғатын бір оқырман ретінде Мұхтар ағамды Алаштың рухани алдаспанына теңедім сондықтан.








Алтын Орданың мұрагеріміз



- Түркінің қара шаңырағы - Қазақ! Сонау Алтын Орда заманындағы көш-қон салтанаты, аты аңызға айналған көк күйме, арбаның үстіндегі киіз үй - тек қазақта ғана сақтал­ған. Басқа бірде-бір елде жоқ! Киіз үйді арбаның үстінде тігу - Керей мен Наймандардан қалған. Сол дәстүр кешегі он сегізінші ғасырға дейін сақталып келді. Көк күймені ұстаған - біздің қазақ!

Орта Азия тарихшысы Рузбеханның жазбаларын ақтарып көрдім. Бұл 1513 жыл­ға тиесілі дүниелер. Парсыша жазылған. Жаңағы көк күй­ме­лердің үстіндегі киіз үй­лерді сол кісі егжей-тегжейлі сипаттап жазады. "Қыз Жі­бек" фильміндегі көшті көрдік қой. Көк күймелі көш­тердің бір елесі бұл.

Византияның түркілерге YІ ғасырда келген елшісі Земарх, одан қанша заман кейін, XIII ғасырда Қарақорымға келген Карпини мен Рубрук өз жазбаларында қы­мыз туралы баяндайды. Бие сүтінен ашыған сусын болады екен. Оны қымыз дейді екен деп жазады. Ал қараңыз, монғол тілінде, ел айтып жүр­ген Шың­ғыс ханның жұртында қымыз деген сөз бар ма?! Жоқ қой! Монғолдар да қы­мыз ашытады. Бірақ, оны қымыз демейді, "айрақ" деп ішеді. Мен де оның дәмін татып көрдім. Қымыз деген сөз біздің қазақ та ғана бар.

Түркі жұртының қара шаңырағы - бізбіз! Алтын Орданың жұртында біз отырмыз! Шыңғыс хан туралы жазу бала кезімнен ойымда болған нәрсе. Бірақ, үлкен жоспардың ішіне енгізбеген едім. Өйткені ол заманда Шыңғысхан туралы ойдағыдай жазып, оны жарыққа шығару мүмкін емес еді. Мен Янның "Шыңғысхан" романын он жасымда қазақша аудармасын оқы­дым. Қазір оған жұрттың көңілі толмай жүр ғой. Солай болғанымен Яннан көшпенділер мә­дениеті, тарихы жө­нінде мағлұмат алдық. Кейінгі қытай түсірген "Шыңғысхан" фильмінен кейін ұлы қағанға қарсы шабуыл көп саябырлады. Фильмді көрген қазақтар өз­дерінің Найман, Керей, Қоңы­рат, Жалайыр сияқты руларын тауып, тарихқа басқаша қарай бастағаны байқалды. Шың­ғысханның руы Қият. "Қырық мың үйлі Қият" деген қазақ оны. Патша қай уақытта болсын қатал. Бір сөзбен айтқанда, әр түрлі әңгі­ме шыққаннан кейін "Шыңғысханды" жазу керек болды. Көп күш кетеді. Бірақ енді өмір бойы ойланғанымыз, өмір бойы жинақтаған білімі­міз осы арнаға құйылады ғой. Үш жыл кететін түрі бар.Өткен жылғы қарашаның 12-сі күні бастадым. Бес ай руларды түгендеумен отырмын.Барлық ру емес, Шыңғысхан заманындағы Ұлы далада, қа­зіргі Монғолия деп аталған жерде тұрған, жасаған руларды айтамын. Мынаны қараңыз, дербес қабырғалы тайпалармен бірге өз аттарымен сақталған Шанышқылы, Телеу, Қият, Төлеңгіт, Таз, Тама, Тоқа рулары бар. Сіздердің елге етене Кәрсөн -Керней, Шаншар ішіндегі Таз Қоңы­рат, Сары Үйсін, Найман тайпаларында ұшырасады. Ал Қаракерей Байжігіт ішіндегі Тоқас, Найман ішіндегі Ақ тоқас, Арғын- Қуандық ішін­дегі Сары Тоқа - бәрі сол бір ру. Оны былай деп жаздым: "Тәңірінің қалауымен тарих тағдыры ежелгі жүз сан руды шалқар далаға бұршақша шашып жіберіп, тобымен то­ғыс­­тырып, әбден араластырып барып, қойны-қонышын толтыра қайтадан жинаған екен"....

Арғы заманнан даңқты аталарының тікелей мұрагері болып табылатын қазақ хал­қының ана тілінің бірлігі, түр тұтастығының үйлестігі, әдет-ғұрпының ортақтығы және соған орай өзіндiк менталитет осы ұлттық ұлыстар аясында ұйысқан сан ғасырлық қалт­қысыз аралас ұрпақтан ұр­паққа өткен туыстық жалғастықтың нәтижесі. Бұ­рын да айтқанбыз, әлем тарихында дәл қазақ сияқты ежелден-ақ берік қалыптасқан біртұтас ұлт некен-саяқ, тіпті жоқ та шығар. Мақсат - қа­зақтың тарихын, арадағы тарихын негіздей түсу.

Академияның тарих институтының директорының орынбасары, жаңылмасам Алдажұманов болу керек, маған қарсы арызға өзі жазбаса да қол қойып, "Мағауин қолдан тарих жасап шығарып отыр, Қоңырат, Найман еш­қашан ол жақта болған жоқ, сонда біз монғол болып кетеміз бе?" деп айтады. Надандықты қараңыз енді. Еуропа бұдан 100 жыл, 200 жыл бұрын бұлардың түркі тектес рулар екенін, Шыңғысханның өзі монғол емес, түрік текті екенін айтқан, жазған. Бәрі дәлелденген нәрсе.





ҚАЗАҚ - БІРТҰТАС ЖҰРТ




- Қазақтың символы үш би емес - бір хан болу керек. Ханның тұлғасын қасындағы қырық уәзір жасамайды. Қа­зіргі заманды алсаңыз да елдің басында жалғыз адам отыр ғой. Үш би деп жүріп қазақты үш жүзге бөлшектеп алудан сақтануымыз керек. Қазақ хал­қы біртұтас болған. Барлық уақытта. Барлық кезеңде. Бүйректей бөлінбеген.

Тарихта сеператизм деген болған. Бұл бөлінуді көздей­тін, өз билігін көбірек ойлайтын күйкі ойдан шығатын келеңсіздік.

Тұлғалардың ролі өзгеше болады. Шыңғысхан болмаса, үлкен империя құрылмайтын еді. Абылай қазақты қайта тірілтті, қайта көтерді. Бытырап кеткен қазақтың басын қосты. Қазақтың біртұтастығы мен ұлттық мәселесін анда-мұнда тартуға болмайды. Біреулер Абылайға тисіпті, жазыпты деп естігем, Бұл енді заманның азып-тозғанының бір көрінісі ғой.

Абылайдың бүкіл өмірі күреспен өтті. Мен ол туралы жазғам. Абылай жөнінде де арнайы роман жазу жоспарда болған. Бірақ жазатын нәрсем өте көп болды. Заманында өткірін емес, өтетін тақырыпты амалсыз алып отырдым. Соның өзімен айтатынымызды айтып қалдық. Абылай заманы бұрыннан зерттеп, танып жүрген Ресей мен Қытай мүдделері қарпысатын өте күрделі кезең. Әлгі соғымнан кейін ұзынсары жақындағанда кебеженің түбіндегі мықты мүшелер түгенделеді ғой. Әрине, кебеже түгесілген жоқ, бірақ ұсақ-түйектерді түгендеп алайық деп 5-6 жыл әңгімелер жаздым.

Қытаймен соғыс тарихында Абылай қытайлардан же­ңілді деп жазады. 100 мың әскермен келе жатқан қы­тайға тосқауыл қою мүмкін емес. Бірақ Абылай дұрыс тәсіл қолданған. Жан-жақтан ұтылай ұрып, тиiсіп шегініп далаға қарай алып келген ғой. Содан император Цяньлун екі қолбасшысын Хадаха мен Дардананы генерал атақтарынан айырып, қатардағы жауынгер қылып айдап жіберген. Ал енді Абылай жеңілген болса, қытайдың екі генералы атақ-абыройдан неге жұрдай болады? Қытай алғашқы жорықта қазіргі Аягөз қаласына дейін келген. Кейін де әскерлер жіберген.

Қазақта Көтеш деген шәйір болған. Баянауылдың тумасы. Өте дарынды ақын еді өзі. Сол кезде уыздай жас - он сегізде. Тұрмысы да нашар екен. Сол ақын Абылайға тіл тигізеді. Кейін бір жаман байталға мініп келе жатқанда қарақшылардың қолынан опат болады. Оны Абылай қарғаған жоқ шығар. Тіпті, оған назар да аудармаған болуы мүмкін. Бірақ, қазақтың ұлы ханына, бір туар тұлғасына тіл тигізгені үшін Тәңірі оның сыбағасын берді.

Мен өзім аруаққа сенетін адаммын...





"ТАЗЫНЫҢ ӨЛІМІ"




- Мен оны 29 жасымда жазып едім. "Орталық Қазақ­стан­ға" деген ілтипатым неге ерекше дейсіз ғой? Менің шығармашылығыма әдеби орта мән бермей, үн-түнсіз қалған кезде Асан Жұмаділдин деген жазушы ағамыз "Тазының өлімі" туралы ыстық лебізін осы газетте жариялады. Мен күтпеген оқиға болды. Әдеби ортадағы таныс-білістерім үндемей қойғанда, Қарағандыдан бұрын бет-жүзін көр­меген адамым осыншама ағы­нан жарылып, марапаттай қояды деп үш ұйықтасам ойыма кірмеген еді.

Содан бері қырық жылдай уақыт өтті-ау деймін. Таяуда "Қазақ әдебиеті" газетінде бір жазушы қыз "Тазының өлі­мін" талдап шығыпты. Бұл - қазақ халқының трагедиясы. Қазақтың ұлттық дәстүрінің аяқ-асты болып бара жатқаны, тоталитарлық режим, реп­рессия - мұның ішінде сол заманның зауалының бәрі бар еді. Жаңағы жас қыз соны терең талдапты. Асан Жұмаділдин біле тұра, түсіне тұра көп ойын іркіп қалған, мына бала ойындағысын жа­йып салыпты. Енді ол уа­қытына байланысты себеп-салдарлар ғой. Сол тұста өзі­міз тәрбиелеп өсірген бір сыншы жас жігіт: "Сіздің не жазып жүргеніңізді білеміз!", деп дөңайбат жасаған. Ондағысы менің советтік малақайлардың орнына түлкі тымақты дәріптегенімнен ұлтшылдық іздегені ғой. "Тазының өлімі" - ұлттың, ұлттық құндылықтардың жойылғаны туралы хикая еді. Сонда да жарияланып кетті. Сол сияқты басқа да көп дүниелерді өткізе алдық. "Бір атаның балалары" деген повесім коммунистік әдебиет сыншыларының аузына ілігіп, мақталған жалғыз шығармам болды кезінде. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер арқылы біртұтас совет адамының образын жасау міндеті қойылды ғой. Бұл шығармамда қазақтың бауырмалдылығы, кеңдігі суреттеледі. Солай бола тұра қатты кеткен бір жер бар. Коммунистік идеология мен фашистік идеологияның айырмасы жоқ дейтін бар. Сол шығармамда Яков деген баланы түсінде немістің әскери ұшағы қуады. Ол маңдайында бес бұрышты қызыл жұл­дызы бар әкесіне айналып, бетінен сүйіп жатады да артынан қызыл жұлдыз фашис­тердің кресіне ауысып, ақы­ры жалғыз көзді жалмауыз түріне енеді. Шебер жазушы қысымда жүрсе де ойын өт­кізе алады. Қазір цензурасыз заман болған соң еркінірек жазасың. Ал еркін жазғанның бір пайдасы, бір зияны бар. Пайдасы - қай тақырып болсын жазасың, айтатын сөзді айтасың. Екінші мәселе - жайдақтанып кетуі мүмкін. Идеяның астында көркем бейне қалып қоюы кәдік. Ал жалаң ұран ешқашан көркем әдебиетті көтермейді.

"Тазының өлімі" жазыл­ғалы 40 жыл өтті. Жоғарыда айтқан екі адамнан басқа шығарманы талдаған бірде-бір әдебиетші болған жоқ. Міне, біздің әдебиеттанудың өресі мен деңгейі.





ШАҒЫН ӘҢГІМЕ




- Шағын әңгімені жазу - қиямет- қайым дүние. Екі есе еңбекті қажет етеді. Кейде бір күн, кейде екі-үш күн жазасың. Енді қараңыз, он әңгімең бір романның көлеміне жетпейді. Бірақ оған кеткен еңбек он есе деп айтпайын, екі-үш есе көп болады. Әйткенмен, қалам ұстаған 50 жылда жазылған әңгімелердің өзі үлкен-үлкен үш томға толды.

Менің жазуымның өз реті бар. Асығып, аптығып жазбаймын. Бірақ күн сайын, төрт-бес сағаттан. Бала кезімнен қалыптасқан осылай. Жұмыс рәсімім. Күндіз-түні, жанталасып жазатын жазушылар да бар. Өліп-талып, ұйықтамай отырып жазады. Бұлай жазуға болмайды. Бұл қаламгердің жазу кәсібінің, профессионалдық деңгейі­нің төмендігін көрсетеді.

Бір жазармандар айтады: күзде жазған жақсы, көктемде жазған, қыста жазған жақсы деп... Мұның бәрі жазу кәсібін игермегендіктің салдары. Төрт маусымның бәрі жақсы.

Аспирантураға түскен кезден бастап қаламұшпен жаздым. Мен өмір бойы ғы­лыми еңбектерімді, әдеби сын мақалаларымды, кейінгі кө­семсөздердің барлығын машинкамен жаздым. Тағалаған ат сияқты тық-тық етіп ойыңды жетелейді де отырады. "Ұлтсыздану ұраны", Абай жөніндегі еңбектерім осымен жазылды. Прозаның жөні бөлек. Өйткені өте нәзік нәрсе ғой. Ғылыми зерттеуде, кө­семсөзде, әдеби сында бастысы ой болса, прозада ой да керек, бірақ бастысы - бейне. "Мен" шығармамда жазған боз қалам болды, мынау Прагаға әкелген сұр қалам. Бұқар атамыз айтқан "Ақ пен қара танытқан, дәуіт пенен қаламдай" дегендей дәуіттен коллекция жинап жүрмін. Осында тұрған "Тұлпар" деген дәуіт пен осы сұр қаламмен "Жармақты" 18 күнде жаздым. "Аласапыран" 2 жыл 3 ай, яғни 27 айда жазылып біткен. "Шыңғысханды" машинкамен жазып жатырмын.Кейін компъютерге түседі ғой. Машинкамды 1963 жылы сатып алғам. 46 жыл болды. Қазір оның лентасы табылмайды. Құдайға шүкір, бірер жүзін алып, кеуіп қалмасын деп мұздатқышқа салып қойғам. Енді жететін шығар.





ӘУЕЗОВ ӘЛЕМІ




- Мұхтар Әуезов Абайдың өмірбаянын неге қайта-қайта жазды? Сол заманда Абайдың басын дау-шардан арашалап алу оңай болған жоқ. Советке бодан кезімізде Алаштың Абайдан айырылып қалуы мүмкін еді. Сондықтан оны орыс әдебиетінің үлгісін ұс­тан­ған ақын ретінде алып шығу керек болды. Сол кездегі орыс әдебиеті, шынында да озық әдебиет еді. Абай Пушкинді аударған, Лермонтовты аударған дедік. Отар ел бол­ғаннан кейін қожайынның көңі­лінен шығу керек болды. Шә­кәрімді ақтар алдында ол Пушкинді тәржімалаған дедік. Бірақ бұл оның негізгі еңбегі емес еді ғой.

Мұхтар Әуезов Абайтанудың негізін салғанымен түбіне жете алған жоқ. Абай түпсіз мұхит қой. Абай туралы Рамазан Тоқтаров та роман жазды. Ол кезде мен "Жұлдызда" бас редактор едім. Ол менің орынбасарым. Оның не жазып жүргенін білгем жоқ. Бір күні дәу қолжазбаны алып келді. "Мен Абай туралы роман жаздым" деді. «Абай жөнінде Әуезовтің жазғаны аз болды ма?!» дедім мен. «Бальзак жө­нінде пәленбай роман жазылған ғой» деді ол. «Біз үшін француз әдебиетінің деңгейі басқа. Француздардың тарихи танымы орнында, сондықтан қалай жазса да болады. Ал бізде ең үздік шығарма - «Абай жолы». Одан басқа тақырып таба алмадың ба?!» дедім. " Мен басқаша жаздым" деді ол. "Басқаша жаз­ған жоқсың. Заман өзгерді. Көзқарас өзгерді. Соны ғана ши­ырладың. Кенесарыны қос­қан шығарсың?" дедім. "Ең құрмаса, оқып көрші?" деді Рамазан. " Оқымаймын!". Қолыма да ұстамаймын! Ме­нің атымды Әуезовтің құрметіне Мұхтар деп үлкен атам қойған. Оқымаймын! Одан озып, ештеңе айтқан жоқсың!" дедім.

Бізде Әуезовтің беделін кеміткісі келетін, оның орнына таласатын бір пенделер бар. Әдебиетте біреудің орнына біреу отырмайды. Әркім өз орнына отырады. Сол Мұхаңмен бақ сынасқандар Рамазанды көтермелеп әкетті. Сыйлыққа ұсынып, мақтап-марапаттап жатты... Содан кейін өзі айта алмайды. Ол кезде бізден жұмыстан кетті пенсияға. Сыйлыққа ұсынылған соң ортадағы інілерін салып, қолдай ма екен деген әңгіме айтыпты. Енді мен айттым: Рамазан жақсы нәрселер жазды, нашар нәрсе де жазды. Кез келген жаман романын ұсынатын болса, мен көңіл үшін, ағайындық үшін дауыс берер едім. Бірақ мынаған қарсы дауыс беремін, - дедім. Қысқасы Рамазан алды бәйгені.

Мұхаң өз орнында тұрады, қалай болғанда да. Басқа жазатын нәрсе көп қой. Екінші мәселе - зерттеу ең­бек­тері болса, Құнекең туралы, Абай туралы. Басқаша дүние. Енді мен өзім де жаздым. Мысал үшін айтайын. Абайды суреттеген эссе. Ол кітап шағын нәрсе. Жүз бетке тола ма, толмай ма? Құдай-ау өзі неше жыл жаздым. 3 жыл ма, 4 жыл жаздым ғой. Аз-аздан. Бірте-бірте. Абайға бару үлкен жауапкершілікті тілейді адамнан. Абайды алғаш шығаруда, Абайтануда Әуезовтің еңбегі жоғары болды. Негізі Абайды зерттеп біту мүмкін емес қой. Әуезов Абайды зерт­теу тарабында негізін сал­ғанмен жеріне жете алған жоқ. Абайдай мұхиттың тереңіне жету үшін заман керек.

Мысал үшін, мен өзім Абай жөнінде жазуға қорқамын. Мұны бұрын айтқанмын. Өзіңнің деңгейіңнің бәрі көрініп қалады. Абайды талдамай-ақ, Абаймен салыстырмай-ақ, сол өз бетіңмен жүре­тін болсаң, кішкене абыройлырақ боласың. Абайдың тереңдігіне біз әлі жеткеніміз жоқ. Мен бір жазғанымда айт­қам: "Мен Абайдың тізесіне жеткен кезде бұрын-соңды қазақта қалам ұстаған жұрт­тың барлығы менің тобығымда қалады" деп.

Абайдың суретін жазу керек болды. Өйткені менің Абайды тануым басқаша. Мұ­хаң айтқан заман басқа болды. Көбінесе ол айта алмай кетті. Сонан соң айтыла алмай қалған нәрселер бар. Біздің ауыл - Абай ауылы ғой. Абайды көзі көрген шалдарды мен көрдім. Менің өзімнің үлкен әкем Абайдың алдын көрген. Мақамына дейін айтатын. Қалай сөйлегенін, қалай отыратынын, Абайдың мінез-құлқын. Аристократ болған, өте тәкаппар адам болған. Енді қалай, өзі Абай болса, өзі Құнанбайдың баласы болатын болса. Оны енді артық демократ жасауға болмайды. Бекзаттық, ақсүйектік мінезі бар еді қарадан шықса да.





ЖАЗУШЫЛЫҚ ПЕН ШЕШЕНДІК




- Бізде шешендік туралы ұғым мүлде теріс. Бүкіл қазақ демейін, қауымның пікірі теріс. Жұрттың ұғымынша жиында еліріп, көтермелеп сөйлейтін болса, біздің жазушылар ортасында да, соларды шешен екен дейді. Шешендік - мағыналылық және әсерлілік. Мағыналы сөйлесе, жұрттың көңіліне әсер ететін болса, сол - шешендік. Қазақтың арғы заманындағы шешендіктің әр уақытқа сай әр түрлі сипаты болды. Ол заманда бейнелеп сөйледі. Ежелгі түрік, Шыңғысхан заманынан кешеге дейін солай болып келді. Ал бүгінгі сөз тіпті басқаша. Мақалдап-мә­телдеп сөй­леген жөн. Бірақ сөз өт­кірлігі мен мағыналық әсерінен айырылып қалмауға тиіс. Жазу мен сөйлеу екі түр­лі нәр­се шындығында. Мәселен, лепіріп сөйлеушінің сөзін хат­қа түсіріңізші сол бетінде. Ол әншейін нәрсе болып шығады. Екінші бір мәселе бар. Көбіне жазу дегенді бір қа­лып­қа түскен схема деп ұғатын адамдар бар. Олай емес, жазудың өзі сөйлеу тілінен шыққан. Менің прозамның бір ерекшелігі - қазақтың сөйлеу үлгісін өте қатты пайдаланам.

Ал исі қазақта Әуезовтей шешен кісі көргем жоқ. Мен бір кезде Қазақ Универси­тетін­де осы ғұламаның дәрісін тыңдаған шәкіртімін. "Абайтану" курсынан лекция оқы­ды. Ол мінбені пайдаланбайтын. Кәдімгі стол басына отыратын. Мен дәл сондай екінші столды тіреп қойып отыратын едім. Кеудесі зор, иығы кең, соған қарамастан шықшытты, маңдайлы басы тым үлкен кө­рінетін. Көзі ойлы, мұңды еді. Оң жақ шекесінде, самай үс­тіндегі қара- қоңыр меңі әлі көз алдымда. Мұхаң лекция барысында лепіріп, желпініп те сөйлемеуші еді. Аспай-саспай, анда-санда сәл-пәл жөткі­рініп тамағын кенеп қойып, бірқалыпты қоңыр үнмен, өз ойын мәнерлеп, орайлы сөз­бен ұтымды жеткізетін. Кейде байсал аққан дариядай төгіліп кетеді. Мұхаңның лепесі - ойлы, мағыналы, қазақы шешендіктің өзгеше үлгісі еді. Кейбір сәттерде құран мақамы анық аңдалатын. Терең мағына мен сырлы әуез, көркем ой мен тың толғамдар - Мұхаңның әрбір сабағын шығыстың сиқырлы ертегісіне ұқсатар еді.

Мықты жазушының бәрі бірдей шешен болмаған. Тіпті, сөйлей алмайтындары да бар. Мәселен - Гоголь. Бүгінде бү­кіл дүниежүзі оның екі жүз жылдығын атап өтіп жатыр ғой. Сол заманда ағылшын, француз, неміс әдебиеті өз биiгінде тұр еді. Бірақ, Еуропада Гогольге тең келер прозашы болған жоқ. Гоголь - орыс прозасының көш басының бірі, һәм бiрегейі.

Сол Гоголь әу баста тарихшы мұғалім болған. Университетте сабақ берген екен. Сөйлей алмағандықтан ақыры мұғалім бола алмай кетіп қалған... Ал, енді, Гогольдің жазуы ғажайып жазу ғой.





"ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ҚЫЗЫЛ ТІЛ"





- Мен Әуезовтің мақтанғанын көрдім. Оны менен басқа естігендер болған шығар, жазып қалдырған менмін. Бір лекциясында Абайды талдап отырып, "Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар" деді. Бұл біріншіден, Абайды қаншалықты пір тұтқаны, екіншіден, өзін ұлықтағаны, үшіншіден, шындық қой.

Менің тілімде Абай тілінің және Мұхтар Әуезов тілінің, бүкіл қазақтың өткен халық әдебиетінің тілі бар. Сонымен қоса қазақ ауыз әдебиетін, орта ғасырлық түрік тілді әдебиетін, мәдениетін бойыма сіңірдім. Мысалы, Абай ті­лінде орта ғасырдағы түрік прозасының, Бабырнаманың хикаяшыл үлгісі бар. Кейінгі әдебиетте ол қолданылмаған, қолданыстан шығып қалған.

Тіл деген бір орында тұр­майды. Тіл дамиды. Мысалы, орыс әдебиетінің тілі, не­містің, ағылшын әдебиетінің тілі көп өзгерген. Үлкен құрылымдарды, күрделі құрылымдарды жазушылар жасайды. Халықтың тілін дамытатын сол халықтың ішіндегі сөз қадірін білетін адамдар. Қазақта - билер. Дамыған деген елдердің өзінде әдебиетшілер тілі бірқалыпты болмаған. Орыстың Ломоносов, Державин заманындағы әдебиеттің тілі бір басқа, тіпті Пушкин кезінде бір басқа да, Тол­с­той, Достоевский,Тургенев, Гогольден бастап күрделіленеді. Менің тілімде батыстың үлкен прозасының да үлгісі бар. Ол үлгіні қалай алу керек. Ол үлгіні тілдің ұлттық табиғатына ыңғайлап таңдап алу керек. Содан кейін біздің сөйлем құрылысымыз мүлде басқа ғой. Мүлдем басқаша. Ой ағымы деген бар. Адам қалай ойлайды, қалай сөй­лейді. Мен сөйлемнің бәрін қазақтың тілінің ежелгі табиғатына сәйкестендіріп, қазақтың өзінің тілінің табиғатына қарай құрамын. Абай атам айтқан ғой:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған;

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп, қайырған -

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Тағы деген жабайы жыл­қы. Кәдімгі Пржевальский жылқысы. Керемет жүйрік болған. Қазақтың тілі туралы бұл. Қазақтың тілі сондай тіл. (Қараңыз: Абайдың 2005 жыл­ғы шығармалар жинағының 2 томдығында «тағына» деп қате басылған. 1 -том, 87-бет. «Жазушы» баспасы. Автор). Сондықтан мен өте қатты мән бердім тілге. Ой ағымына сәйкес, көңіл-күйіне сәйкес қазақтың сөйлемін түгелдей басқаша құрдым.

Менің Курчаткин деген досым "Аласапыранды" ау­дарды. Орыстың үлкен жазушысы. Москваға бір барғанымда бір сөйлемді аудара алмай отыр. Мен басында айт­қам, сөйлемді сөйлем қалпында аударасың деп. Қысқа сөйлемді қысқа. Бір сөз болса, бір сөз. Көп сөзді көп сөз қалпында деп. Сөйтсем бір беттік ұзақ сөйлемді аудара алмай отыр екен. Мен айттым: Сонда Толстой мен Тургеневтің тілі менің тіліме жетпей отыр ма, әлде сенің тілің жетпей отыр ма? Мынаны тү­гел аудар, бұзбай,- дедім. Ол бұзбай аударып отырды. Құрмалас сөйлемнің, ұзақ сөйлемнің мәнісі құрылымында. Мысалы, киіз үйдің құрылымы біреу-ақ қой. Уығы бар, керегесі бар, бірақ біреу-ақ. Сол сияқты сөйлем де жиналып келіп біреу-ақ болу керек. Жаңағы Курчаткин "Аласапыранды" сөй­лем­нен сөйлем шығарып оты­рып, бірме-бір аударып шықты. Орысша аудармасы қазақша түпнұсқадан кітапқа басқанда 5 баспа табаққа, 100 бетке көбейіп кетті. Ол аңы­рып қалды. Содан мен айттым, орыс тілінен қазақтың тілі әлдеқайда бай, икемді, ырғақты, мағыналы, әсем, ық­шам, әуез­ді, екі тілді салыстыруға болмайды, қай жағынан ал­ғанда да, біздің тіліміз артық. Мен қазақтың сөйлемін түгелдей, қазақтың жазу мәдениетін мүлдем басқа сатыға көтер­дім. Мен жазғаннан кейін қа­зақтың тілі бұрынғыдан екпін­ді болды, бұрынғыдан өткір болды және бұрын­ғыдан кең болды, бұрынғыдан терең болды деп. Ол - рас нәрсе. Қазақ тілін тек қана араб тілі­мен салыстыруға болады. Жалпы арабтың тілі әлемдегі ең бай, ең оралымды, ең әдемі тіл. Ал құ­рылымы жөнінен алған кезде қазақ тілі сондай дәрежеде.

Енді қазақ көркем әдебиет тілінің тарихы орыс әдебиет тілі тарихынан да, ағылшын әдебиет тілі тарихынан да арыда. Орхон-Енисей жазбасын қараңыз. Біздің, қараңыз, қазақ тiлiнiң қазiргi жазу үлгісі. Орыс­тың XII ғасырдағы "Игорь полкі туралы жыр" деген жалғыз шығармасын қазіргі орыс түсінбейді ғой ау­дармасыз. Ал бізде V-VIII ға­сырларда тасқа қашалған ұлы, ғажайып мұраларымыз бар. Күлтегіннің, Білге қағанның, Тонүкүктің басындағы жазу, Мойын шор жазуы. Ол кезде бүкіл Еуропада жоқ, ондай ескерткіш, мәдениет.

Қазақтың тілі сол өзінің қалпында. Қазақтың тілінің тұрпаты өте жоғары. Қазақтың тілі - әдебиеттің, мәдениеттің тілі. Ал саясаттың тілі, ол екінші басқа мәселе. Мынадай үлкен әдебиет жасаған тіл, қаншама халық сөйлеп отырған тіл қор болмайды. Екінші мәселе, үкімет сөйлемейді екен деп мен қазақтың тілінде жазбай қоямын ба?





ТӘҢІРДІҢ БЕРГЕН ӨНЕРІ





- Егер Тәңірі сізге қуат берген болса, дарын берген болса, көкірегіңізге бір сәуле құйған болса, оны аялап ұстаған абзал. Бұл дарын аз ба, көп пе - сен оны ешкімнен тартып алған жоқсың. Берсе - оны саған Алла берді.

Басқа саланы айтпай-ақ қояйын, өзімізге етене таныс жазу-сызу төңірегіне ой салсақ, Тәңірі ақын болсын, жазушы болсын деп бір пендесін таңдады. Көкірегіне сәуле құйды. Менің Серік бауырым сияқты. Алла сәулесін ақын Ақсұңқарұлының көкірегіне құйды! Онымен қатар, қанжығаласа туған балаларға ондай қасиет берген жоқ.

Дарын - қарызға алғандай нәрсе. Енді сол Алланың аманат етіп тапсырған қабілет-талантын орнымен жұмсау - адамға міндет, парыз. Тәңірі таңдаған соң саған парыз, міндет болып түсті. Егер адам Тәңірі берген сол дарынды сыйламаса, трагедиялық жағдайға ұшырайды. Әдебиет тарихында мұндай мысалдар көп.

Алла Тағала әу баста көкі­рекке бір сәуле түсіріп, бір міндет артса, соны атқарып шығатындай уақыт та беру керек.





ЕУРОЦЕНТРИЗМ ЕЗУЛЕП ТҰРҒАН КЕЗЕҢДЕ





- Еуроцентризм деген бір ағым бар. Бұл - индо-еуропа, батыс халықтарының өркеуде үстемдігін әйгілейтін бір ілім. Міне, бес жүз жыл болды, әсіресе, соңғы үш ғасырда адамзат мәдениетіне айтарлықтай зиянды ықпалын жүргізіп келеді. Олардың ойынша, бұлардың үлгісі - әлемдегі ең озық үлгі деп есептеледі. Қалған жұртқа мұрын шүйіріп қарайды.

Меніңше, әрбір халықтың әдебиеті өзінің ұлттық дәстү­ріне сай, ұлттық мүддесіне қызмет етуі керек. Ұлттық әдебиет, ең әуелі өз ұлтының көсегесін көгертуі керек. Соңғы рет менің "Шахан шері" деген романым 1986 жылы орыс тіліне тәржімаланды. Содан бері жиырма шақты жыл өтті. Менің бірде-бір шығармам орысша шыққан жоқ.

Лев Толстой дүние жүзі үшін емес, ормандай орыс жұрты үшін жазды. Жапон жазушысы жапон халқы үшін жазады. Еуропаның негізгі тілдерінде жазған жазушылардың барлығы жалпақ жұртқа мәшһүр болады. Бұл олардың дарын қабілетінің мықтылығынан емес.

Мені бір орыс немесе не­міс оқымаса қойсын, қазақ оқыса - жетеді! Біздің қазақтың прозасының бүгінгі деңгейі - Еуропаның ең озық прозасының деңгейімен бірдей.





СТЕНДАЛЬ ЖӘНЕ БЕКЕЖАН ТІЛЕГЕНОВ




- Француздың Стендаль деген жазушысы болған. "Қы­зыл мен қара" деген әйгілі романның авторы. Соны замандастарынан ешкім түсінбеген. Оқымаған. Тіпті, менсінбеген деуге болады. Сол Стендальді сол кезде үш елден үш-ақ адам бағалаған көрінеді. Кім дейсіз ғой? Францияда - Бальзак, Германияда - Гөте, Ресейде - Пушкин! Стендаль бұл дүниеден қайтқаннан кейін жиырма жыл өте жазушы ретінде мо­йындала бастады. Елу-жүз жыл өткенде ұлы жазушы атанды. Бұл бізден гөрі мәдениеті жоғары Францияда болған жағдай.

Енді бізге келейік. Бекежан Тілегенов деген талантты бір жазушы бағаланбай барады. Оның классикалық екі романы бар. Біреуі - "Қара жел" деп аталады. Ана Семейдегі полигон туралы. Екіншісі - "1986 жыл". Бұл 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы емес, бұл партноменклатура туралы. Өзі 4-5 жас үлкен бол­ғанмен біз бір буынбыз ғой. Мұндай замандық тақырыпқа арнаған бұндай шығарма жаз­ған ешкім болған жоқ. Мен осы туралы арнап мақала да жаздым. Бірақ, санаға сіңіп қалған, көп ешкім мойындай қоймады. Өзіне Стендаль тағдырын айтқам.

Бекежан қазақ әдебиетінің классигі, өте үлкен жазушы. Бі­рақ ешкім елеп-ескеріп от­ыр­ған жоқ. Айтпайды да. Мен жазғам, біздің қазақ халқы үлкен халық болатын болса, біздің қазақтың әдебиеті үлкен әдебиет болатын болса, полигон сияқты қасырет атаусыз қалмау керек деп. Полигон үлкен қасырет болды ғой. Бір үлкен жазушы жазу керек деп. Ал Бекежан сол міндетті атқарып шықты. Халық алдында. " Қара жел" - ғажайып роман. Мен бірден ала салып, журналға бастым. Ол кезде әлі дүниенің өзгермеген кезі болатын. Өзі қалай болар екен, не айтар екен деп ойлап жү­ріпті. Сол қалпында "Жұлдыз­ға" басып шығардық. Екінші романы 1986 жылдың 1 қаңтарынан басталып, желтоқсанмен аяқталады. Мұнда бүкіл біздің партиялық басшылардың мінезі, құлқы, бейнелері, прототиптері де бар, әрине. Бұл романдардың кейінгі тағдыры Стендальдікіндей болса, жақсы ғой.







СУРЕТКЕР




- Мен саясаткер емеспін - Суреткермін. Саясаткер ел ішінде болу керек. Елдің тір­шілік қарекетіне белсене араласуға міндетті. Жазушыға ел ішінде отыру шарт емес. Осыдан 60-70 жыл бойы елден жинаған рухани қазына жүрек түбінде жатыр. Енді соны жал­ғанның жарығына шығарып кетсек... Оны Алматыда отырып жазасың ба, Америкада отырып жазасың ба - мәселе мұнда емес, қаламыңнан туған туындыларың туған еліңе жетіп жатса болғаны.

Тургенев барлық дүниесін шетелде жүріп жазды. Гогольдің өзі Ресейге алыстан барып көз салған. Герцен ғұмыр бойы шетелде жүріп еңбек етті.





ЧЕХИЯ




- Бұл өзінің елдігін сақтап, еуропалық болмысын айқындап отырған кішкентай ғана ел. Әуел бастан ел болудың дұрыс жолын таңдай білген жұрт. Социалистік елдердің ішінде экономикасы күйремей, ел-жұрты күйзелмей, нарықтық экономиканың базарын базарлап жүрген мемлекет осы.

Ең ғажабы, мұнда алаңсыз тірлік етіп, көсіле жазуға мүмкіндік мол. Біреуде біреу­дің жұмысы жоқ. Өсек-аяң, қаңқу сөз естілмейді. Жазушыға керегі осындай жанының тыныштығы ғой.

Мағауия Сембай.

(Қарағандылық қаламгер Мағауия Сембайдың прагада тұрып жатқан қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағуинемен әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған).

5 дек. 2009 г.

Жалғыздық

Елсіз иен жапанда жалғыз өзім қалыппын. Жападан жалғыз. Бәлкім олай емес те шығар. Жан жағыма байыздап қарағым келді. Жоқ қарай алмадым, көзім тарс жұмулы екен. Қанша тырбансам да жанарымды ашуға шамам жетер емес. Сосын ойыма кімді іздеймін деген сауал келді. Шынымен мен кімді іздеймін. Кімді іздеуім керек?! Ата-анамды шығар... Несіне? Олардың да өз әке-шешелері бар, солармен бірге шығар... Ал, менің балаларым ше... Иә өз балаларымды іздеуім керек! Бұл жолы үстіңгі қабағымның терісін сыпырып тастауға дәс қалдым... деседе жанарым ашылмады... Жоқ менің жанарым ашық шығар. Бәлкім мен көру қабілетінен айрылған шығармын... Тағы талпындым... Еш өнім жоқ... Мен тағы ойландым. Несіне жанталасам... Менің балаларымда өз балаларына кеткен шығар... Олардың балалары бар ғой. Жоқ оларды мазаламайын. Тоқтап дем алғым келді. Жоқ тоқтауға болмайды екен. Неге екенін қайдам тек алдыға ғана тоқтаусыз жүгіре беруге міндетті екенмін. Бұл неғылған қағида деп ашуландым. Осы қағыиданың тас-талқанын шығармақ болып ақыры жер табандап тұрып алдым. Енді жанарым ашылғандай болды... Маңайымнан сан милиондаған таныс және бейтаныс адамдар алға қарай жан ұшырып кетіп барады екен... Әлде бір тылсым күш алқымымнан езіп алға қарай сүйрелейді... Мен өзімді бек қайсар һам қажырлы адам есептейтінмін. Қарысып бақтым... Енді көзіме соңымнан маған қарай жүгіріп келе жатқан балам көрінді... Қуанып кеттім. Әлгіндегі тамағымды езген жойқын күштің зұлматын сезінбей де қалдым. Маңдайынан сүйіп, құшағыма қыспаққа балама қарай тұра жүгірдім. Иә, не болған ұлым менен кері бажылдап қашып бара жатыр. Олда мен сықылды жалғыздықтан жабығып, адам танымай қалған шығар. Ақыры қуып жетіп иығынан жұлқа тартып өзіме қараттым. Масқара балам деп қуып келгенім өзім екенмін... Иә өзім... Тура осы киім, осы сумкамен алғаш мектепке барғанмын. Қолым еріксіз босап кетті. Менің бала бейнем анадайға барып маған қарап жымыип қойды. Ұлым екен деп алданғаныма ашуым келді. Түңғыш рет өзімнің балалығымды барынша жек көрдім. Оған қарамай алдыға қарай тұра жүгірдім... қаншалықты жүгіргенімді білмеймін әйтеуір бір кезде қаптаған қалың нөпірдің ішінде әкем кетіп барады екен. Бейшара шал қартайыпты... маңдайы жерге тиердей белі бүкірейген, таяққа сүйеніп әзер кетіп барады. Қолтығынан демегім келді. Қуып жетіп енді қолтығынан ала берегенімде ол маған жалт қарады. Баж ете қалдым. Әкем деп жетіп келгенім менің қарттығым екен. Бет аузымның алжа-алжасы шығып, маңдайымдағы әжімдердің тереңдігіне көз жетпейтін із қалдырып таяққа таянып қалт-құлт етіп әзер кетіп барады екем...
Бала бейнеме қайтқым келді... Бірақ ол менен қашады.
Қарт бейнемнің қасында қалғанға өзімнің дәтім жетер емес.
Мен көзімді тарс жұмып алып алға қарай қаптаған қалың нөпердің ішінде жападан жалғыз сызып келе жатырмын...

ӘН

Жолда арба кетіп барады. Делбе жас жігіттің қолында. Шал тонына оранып жатып алған. « Дүние-ай... Кеттің... Ар...» ән үздігіп естілмей қалды.
Шиқ... шиқ...шиқ...
Дауыс жеті қырдан асқанша естіліп тұрды.
Шиқ... шиқ... шиқ...
Бозбала бишігін шарт еткізіп атты желдірте жөнелді. Кеудесін кере тыныстап, жігіт ағасы болған кісі малдасын құрып отырды да, ән бастады. «Қалқатай, сен ар... Алсыс кет... Сағыныш...» еміс-есім шығандап, солғындап үзіліп кетті.
Шиқ-шиқ... шиқ-шиқ...шиқ-шиқ...
Жел үйірген аппақ шаң арбаны көміп озып барады. Әйел уанбай келе жатқан баласының көрпесін қымтап, ыңылдап жыр айта бастады. «Әлди-әлди... Тауып алған дала... Атаң сенің батыр-оу... ана... сенің... шермен...». Құйын тағы көтерілді.
Ш-и-қ... ш-и-қ... ш-и-қ...
Күн ысыған сайын жүріс мандымай қойды. Алда жалғыз тораңғының сұлбасы бұлдыр-бұлдыр сағымға оранып теңізге батып бара жатқандай.
– Ата, анау жиде ме?
– Жо-о-оқ, балам... – Деп шал немересінің самайынан искеп, Бақ жаққа қарап делбені қақты да, – ол тораңғы, балам. Шөлдедің бе?
– Ата, ұйқым кеп тұр. – атасы ән айтқан жоқ. Бірақ, бала ұйықтай алмай қойды. Көмекейден үзіліп-жұлынып болса да құлаққа ұрылып тұратын үн жоқ. Аспан да, жер де, арбаның үсті де тымырсық ауада мүлгіп тұр. Бала енді естіді...
Ши-и-иқ...Ши-и-иқ...Ши-и-иқ...
Жолды сел алып кетіпті. Құсықтың соңы әлі жүріп жатыр. Су орған топырақ жолдың беті қатқақ күйінде ағып жатқан лайсаңнан асыра нұсқалып тұрған қол спетті.
Жол кемсеңдеп жаылап жатқан сияқты. Кеуекке шорылдай құйылып жатқан судың дауысына қос құлағын қайшылап, селт етіп басын көтерген ат су ағысы келген жаққа қарай тағы бір бұрылып қарады да, қайтадан шұлғи бастады.
Қалғыған дала сілкіне алмай маужырап тұр. Сағалдырық слдыр етіп арбаны оқыс қозғалтқан ат – кісінеді.
Бір ноқат көз ұшында.
Ән ақтарылып, төгіліп келеді. Бар дүние әуенге бастырылып, көміліп кеткендей. Ана жақтан да аттың кісінеген дауысы естілді. Дала қыстыға тыныстап, жөңкілген үннен ес жия алмай қалғандай.
Бұл жақта жол кесілген. Сел арбаны көметін болды.

Авторы: Мейіржан Әуелханұлы

4 дек. 2009 г.

Алаштың азаматы Батыр Оспан

Алаштың азаматы Батыр Оспан



Оспан батыр басқарған Алтай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің бар мақсаты _ ұлтымыздың еркіндігі, жеріміздің бүтіндігі болатын. Соның дәлеліндей бүгін ел болып Оспан батырдай ұлы тұлғаны еске алып ұлықтап жатырмыз. Бұған мың да бір шүкір.
Оспан батырдың қан жағынан менің атам екені, ал менің ол кісіден тіке тараған ұрпақ екенім ақиқат, алайда Оспан бар қазақтың батыры, алашқа ортақ тұлға. Ол кісіні бір рудың немесе бір топтың ғана батыры етіп қарастырудан аулақ болайық ағайын.
Батырдың өмірі, күрес тарихы, жалпы қозғалс хақында тарихшы-әдебиетші ағаларымыз егжей-тегжейлі тоқталды. Мен сіздерге Оспан батыр Сіләмұлының қолға түсуі туралы Нәби Оспанұлының айтқан естелік әңгімесін баяндап бермекпін.
1951 жылдың басында Мақай деген жерде отырған Оспан батыр ауылы қайта кері көшіп Алтайға бет алады. Оған себеп батыр Гималай асып шетке кетуді құптамайды. Көшуге кеңес бергендерге айтқан жауабы артымда қалған елім бар, жан сауғалап жалғыз кетпеймін деп қайта кері көшіп Қанамбал туының бөктеріндегі Қайыз деген көл жағасына келіп түседі, әрі осы жерге қыстап шықпақ болады.
1951 жыл, ақпанның 19 күні таң енді ағарып атып келе жатқанда жау келіп басып, айғай-шу, азан-қазан болыды да кетті дейді. Қытай әскерлерінің айғайының арасынан ұққаным, Усыман, Усыман деген бірнеше ауыз сөз болды.
Әкемнің ақ ордасы мен менің шатырым іргелес болатын. Жүгіріп сыртқа шығып бірден әкемнің үйінің белдеуіне қарадым. Күндіз-түні белдеуде қаңтарулы тұратын ақ боз ат жоқ. Иә сәт, кетіп қалған екен деп түйдім іштей.
Үйдің алдында су ағар жырашық бар болатын, домалап сол жырашыққа түсіп бас көтерместен бүкшіңдеп құлдап жүгірдім. Алла сәтін салғанда алдан екі ағамды кезіктіріп үшеуіміз табыстық. Олар менен бірден әкемнің жағдайын сұрады, мен сыртқа шыққанда белдеуде ат жоқ, құтылған болар деген жорамал айттым. Олар ұзамай тұрып нақты көз жеткізіп алайық деді. Алайда ол кезде қытай әскерлері ауылды түгелдей қоршап болған. Ағаларым маған біз амалын тауып қойды ауылға қарай беттетейік, сен қой ішімен еңбектеп тіл алып қайт деген соң сол айламен қайта ауылға кіріп әкемнің кетіп қалғанын біліп шықтым, сосын ағаларым таң ағармай тұрып тау жаққа жетіп бой тасалайық, қоршау бұзғандардың бәрі сол жаққа бет алған болар, аман болсақ табысып ақыл қосармыз деді. Су ағарды құлдай сәл жүгіріп енді алаңқыға шыққанымыз сол еді арттан бізді байқап қуған шеріктердің дауысы естіліп аспанға оқ атты.
Ағам Шердихан, сәл қашып барып бір-бірімізге арқа беріп тұра қалайық олар бізді тірі қолға түсірмек, сол үшін көздеп оқ атпайды. Келіп айнала қоршайды, сол кезде үшеуіміз бірге айналдыра шайқайық, жалғыз амал сол деді. Расында олдар келіп басымыздан асыра оқ атып быр көбелек айналып қоршап, былдырлап айғайлап жатыр, Шердиханның дауысы шыға үшеуіміз қатар шайқап едік, 10 ат ойнап шыға келді. Аттан үшеуіміз үшеуін мініп қалғанын айдап, олген шеріктердің қару-жарағын алып тез бой тасалап үлкердік.
Ал әкем жау келіп басқанда қоршауды бұзып шығып кетеді. Алайда Оспан қашса ақ боз атпен қашады, сол ақ атының артынан қалмай қуалау туралы қатаң тапсырма алған шеріктердің тобы ау дегенде ақ атпен қоршауды бұзып шыққан батырдың соңынан кетеді.
Оспан батыр қаша соғысып Қайыз көліне келіп түседі. Ат тағасы тозғандықтан көл ортасына барғанда шатқалақтап барып жығылып тұрмай қалады. Қытай әскерлері жақындай береді, мойынындағы ағылшын автомотын алып бір айналдырып шайқаған соң автомот қақалып оқ шығармай қалады. Жан құралының оғы таусылады. Осы сәтте қаптаған сарала шеріктер келіп басады. Батыр қонышындағы қанжарды суырып бірқаншасын сұлатады. Алайда, шүйе бөріші қаптаған қалың шерік қойсын ба? Осылай батырды қапыда қолға түсіреді.
Сосын күн шыға батырды түйенің үстіне матап байлап, қол-аяғын кісендеп ауыл жанынан алып өтеді. Оны көрген қызы Пәния дауыс салып түйе үстінде байлаулы отырған әкесінің аяғын құшып жылайды. Сол сәтте батыр, батыр қызына ақырып, өшір үніңді, дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпе, мені қытай мықтылығынан ұстаған жоқ, Құдайдың бұйрығымен ұстады, Алла бұйырды, мені байлап алды, мен өкінбеймін, қайт кейін деп паң күйінде аяқ-қолы кісендеулі түйе үстінде қайқайып кете барады.
Осы жолы Қайызда Оспан батырмен бірге Қапас батыр бастаған 40 адам және 300-дің үстінде үй қолға түсіреді. Оспан батыр 1952-жылы 4-айдың 29-күні Үрімжіде атылады. Қапас батыр аштық жарялап өледі. Шердихан, Ниғыметолла, Нәбилер бастаған 500-дей оспанның қалған сарбаздары 1952 жылы қыркүйекке дейін Бәйтік-Боғда кейін Алтай тауларында жалғасты қарсыласу соғысын жүргізеді.

Әңгіменің құны туралы

Франция жазушысы Мират Кендра «Әңгіменің көркемдігі» деген шығармасында мынадай пікір айтады: әңгіменің құнын өлшеуде оның суреттеудегі сенімділігіне немесе тіл шеберлігіне емес, қайта оның «бұрын танылмаған бір бөлім тұрмысты байқай алғандығына» қарау керек. Алайда, теория саласындағыларды бір ортақ көзқарас бар. «Затты тану аса байсалды жұмыс, мұны жазушылардың орындауына тапсыруға болмайды. Адамзат қоғамын тану – философия ғылымының, тарих ғылымының, рухи талдау ғылымының және басқада белгілі қоғамдық ғылымдырдың ісі. Әдебиеттің міндеті ежелден тартып осындай басқа ғылымдардан келген білімдерді онан ары образдап түсіндіру» дейді.
Кендра жазушысы философпен тең орынға қояды. Ол былай деп есептейді: нағыз жазушының өз творчествосында ұмтылатын нысанасы Платонның нысанасымен ұқсас; үңгірден(яғни құбылмалы бұлыңғыр дүниеден)шығып адамзат жағдайының мәнін ұстау. Бірақ философ пен жазушы басқа-басқа жолмен жүреді. Философтардың эстетикамен жұмысы болмайды. Ал жазушылар эстетика мен білімі әңгіме деп аталатын осы бір құрылымның ішіне біріктіреді. Философия кесім айту сипатында болады; бір түрлі ысқақ ету әуені, оның өрісі әрі-сәрілік өріс болып табылады.

«Әдебиеті-көркемөнер газеті»(қытайша) 1987 жыл 42-сан
-----------------------------------------------------------
Әңгіме туралы сын мен ізденіс, дау...

Кафкамен әңгіме

Бір рет мен Кафканың бөлмесіне кірген сәтімде, ол Риклам желілес кітаптарының жарнамасын көріп отыр екен.
«Мен кітап аттарына мас болдым»,- деді Кафка, «кітап бір түрлі жансыздандырғыш».
Мен фортфелімді ашып, ішіндегі нәрселерді оған көрсетіп: « онда мен дәу шұжық жейтін адаммын, доктор мырза!»
Кафка қатты таң қалды: «барлығы жаңа кітап!»
Мен кітаптарды түгелдей оның үстеліне қойдым. Ол бір-бірден ақтарып көріп, кейбір абзацтарды тоқтамай оқыды да, кітапты маған қайтарды. Барлық кітаптарды көріп болған соң, менен сұрағаны: «мына кітаптарды түгел оқисың ба?!»
Мен басымды изедім.
Кафка еріндерін шүйіріп: «сіз несіне азаптанып осы сияқты күлді-бадам дүниелерді оқып жүрсіз? Көптеген осызаман кітаптары тек қана бүгіннің көз қарықтырар елесі ғана, мұндай жарық тез сөнеді. Сіз көне кітаптарды оқығаныңыз жөн, классикалық шығармаларды айтам, бейне Гетенің шығармалары сияқты. Көне нәрселер өзінің құнын әйгілеп тұрады, ол – мәңгілік. Жаңа дүниелер түгел мезеттік. Бүгінгі ғаламат ертең күлде қалады, міне бұл әдебиеттің жолы.
«Онда жасампаздық ше?»
«Жасампаздық тұрмысты өзгертеді, тіпті одан да бетер...»


«Кафка таңдамалы шығармаларынан» аударылды.

---------------------------------------------
Кафканың шығармаларын сүйемін. "Қауға мінуші" қандай тамаша! "Көмір тақыр-таза таусылған.... сол кеткеннен мәңгі оралмастай болып бір-ақ кеттім." Шындық, азалы күй...

Блогымды құрдым, бұрымы жоқ қыз сияқты...

Көңіл-күй аласапыран... Ұлт боп қаламаз ба, қалмаймыз ба белгісіз. Қыл көпірдің үстінде тұр. Жастардың албырттығын пайдаланып саяси ойыншылар өз мүдделеріне бұрып кете ме деп қорқам бұл күресті!?
Жаңа блогымды құрдым кеше, бірақ бұрымы жоқ қыз сияқты! Түрі Қазақ, тілі орыс, көрзі қоңыр, ділі қара...



АЯҚТАЛМАС ЕРТЕГІ

Топырақпен бірге оянып көктемде,
Әлде неге шөліркейді от кеуде.
Ой кешемін шудасына оранып,
Жез бұйдалы желмая бұлт жеткенде.

Өрт өзені-
Тамырымда тасып қан,
Алып аспан мұхитына асыққан.
Шарабыңды шалқыта құй, Қара Жер,
Қарақат түн қайғысынан ашытқан.

Жұпар шарап-түннің нілі,
Шымырлап-
Шырынынан тіріледі мың ырғақ.
Алапат бір шөл бар менде, ағайын,
Бұлағымды жұтып қойған құм ұрлап.

Жұпар шарап-түннің нілі,
Тіл өртеп...
Жүрегімде бүр жарады гүл ертек.
Күннің қызы күнікейдің ғашығы,
От құшақтап оянады бір ертек.

От құшақтап оянады түс көрсе,
Ақша бұлттар-
Мамық жастық, құс көрпе...
Алтын арқау-аяқталмас ертек бұл,
Аспан қызы жер бетіне түскенше.
авторы:Е.Нұрдыхан

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫНЫҢ әңгімелері


Қош бол, Раушан!

Қош бол, Раушан!
Қызға сезім білдіру - еш дайындықсыз өмірге келу сияқты аяқ астынан болады деп ойлаған емеспін. Мен Раушанға білдіремін деп ойламаған жүрек сөзімді, бәлкім саналы ниетімді айтып отырғанда өз сөзім мен сезіміме біртіндеп сене бастадым. Өзіме сенімім бар екеніне қуандым. Мен махаббат туралы екеуге арналған әңгімемді бастағанда, қарсы отырған Раушан жазып отырған қағазының үстіне қолын айқастыра жантайып, жүзін жасырып алды.
Мен сөйлеп біттім. Ол басын көтерген жоқ. Біз отырған ас үйді үнсіздік басты. Мен үнсіздіктен қорқа бастадым. Тыныштықтың осыншалықты қорқынышты болатынына сенгім келмей, балконға шықтым да темекі шектім. Жалғыз отырған Раушанға қарап қоям. Ол сол қалпы отыр. Мен болконнан кіргенде Раушан:
- Темекіні көп тартпасаңшы! - деді. Мен өтірік жымиған болдым да:
- Сенің үндемей қалғаныңнан қорқтым, - деп едім:
- Үнсіздік - келісім белгісі демеуші ме еді? -
- Мен сөзге сенем. Әуелі сөз жаралды есеспе? Егер үнсіздіктің бәрі келісім бола берсе, онда жердегілердің іс - әрекетін Құдай мақұлдаған болып шығады ғой.
- Мен құдайдан қорқам.
- Ал мен қорқпаймын. Раушан басын оқыс көтерді де:
- Түсінбедім! - деп тағырқай қарады.
- Мен Құдайды жақсы көрем. Одан қорықсам, оны жақсы көре алмас едім. Құдайдан қорықсаң - алыстайсың, жақсы көрсең жақындайсың.
- Адам бәрібір бір нәрседен қорқуы керек қой.
- Өзінен қорықсын. Менің сенің үнсіздігіңнен қорыққаным сияқты.
- Менің емес, екеуіміздің. Үнсіздік - екеуіміздің екі жолды түйістірер алдындағы еркіндігімізбен қоштасуымыз. Бәлкім, жанның егізін табуы, жаныңа жар болған жалғыздық пен соңғы рет бақұлдасуы болар. Мен жалғыздықты сағынатын боламын. Менің жылағым келіп отыр. Қос қимастың ортасында тұрмын. Ол үнсіз қалды. Мен Раушанның сол қолын ұстадым. Оң қолын өзі берді. Екеуіміз қол ұстасқан күйі, үнсіз қалдық. Раушанды менің жаным шын қалайтынын, мен үшін сенім мен үміттің бейнесі айқындала бастағанына санамды жүрегім иландырды. Мен де Раушанға икемделе бастадым. Мен оны демімнен де жақын сезіндім.
- Раушан, мен саған бақытты уәде ете алмаймын. Өйткені, мен қос маңдайдың түйіскен тұсындағы жазуды оқу қолымнан келмейді.
- Оның оқылмауы - өмір. Бақыт деген осы сәт. Оның ғұмыр бойы қасыңда жүруі мүмкін емес. Біздің қол ұстасуымыз - екі жанның үйлесімі ғана. Біз бар болғаны мойынсұнамыз. Ол қолымды ақырын қысып жымижы.
- Мен сені мұншалықты терең ойлайды деп ойламаған едім.
- Кешірімді.
- Әдемі. Біз бір - бірімізге жымия қарадық.
Мен орнымнан тұрып, балконға шығуға ыңғайлана беріп едім, ол:
- Тағы да темекі ме?! - деді.
- Енді, сенің айтқандарыңды сіңіруім керек қой. Ол күлді де қолын айқастырып жантайды. Мен болконнан оған қарап тұрдым. Ол мені көре алмады. Мен қараңғыда тұрдым, ол жарықта отырды. Мен кірдім де майшам тауып, жарықты өшіріп, майшамды жақтым. Жарықты өшірген кезде Раушан басын көтеріп: «Не істеп жатырсың?» дегендей, маған қарады. Мен майшамды жаққанда барып ақырын күлді.
- Мұның не?
- Даланы сағындым. Шамды кесенің түбіне орнаттым да Раушанның шашынан иіскедім.
- Шашыңнан даланың иісі шығады.
- Тегіміз дала. Ертең сол туған далама кетем. Шешемді сағындым.
- Аналық сезімің ояна бастаған екен. Ол күлді.
- Ақырын, елді оятасың.
- Елдің оянғанынан қорқасыңба?
- Аздап. Ол үндеген жоқ.Орнынан тұрып кетуге ыңғайланып:
- Ауылда сендерді сағынатын шығармын.
- Сендерің кім?
- Қорықпа сені ойлайтын болам. Мен оған қолымды создым. Ол қолын ұсынды. Құшағыма еніп келе жатты. Біз қимылсыз ұзақ тұрдық. Раушан құшақ ажыратып есікті ашқан кезде, майшам жалп етіп сөніп қалды.
Ертесінде мен жұмыстан келген кезде Раушан ауылға кетіп қалыпты. Менің өмірді қабылдауым өзгере бастады. Раушанды күн өткен сайын сағындым. Оның мен үшін бағасы өмірлік құндылыққа айналды. Мен оған сендім.
Мен үйге келген бойда аяқ киімдерге қарайтынмын. Раушанның аяқ киімін іздейтінмін. Тіпті, аяқ киімдерге қарап кімдікі екенін, оның талғамын, аяғын қай жағына қисайта басатынын, аяғына деген құрметі қаншалықты екенін біле бастадым. Адамдар жерге деген құрметін аяқ киім кию арқылы көрсете ме екен, жоқ әлде жерді жатсынғаны ма? - деген секілді күлкілі ойларды ойлай бастадым. Бірақ Раушанды ойлауым тоқтаған жоқ. Қызметтік күндерімнің кезекті бірі аяқталып үйге келдім. Келген бетте, аяқ киімдерге қарадым. Әйел адамның жаңа аяқ киімі тұр екен. Раушан келіпті. Аяқ киімі өзгеріпті. Мен қатты қуандым. Шайға отырғанда досымның шешесі:
- Құдалықтың сарқыты - деп, табақтағы етті алдыма қарай сырғытты. Мен Раушанға қарадым. Ол стол үстінде қатар тұрған күнтізбе мен сағатқа қарап, ойланып отырды. Мен еріксіз етке қол создым.
Сен расында да Құдайдан қорқады екенсің.
Қош бол, Раушан!

ТОПЫРАҚ



Дала. Сол баяғы қалпы. Мұнарланып мұң кешеді. Сағымданып сарғая сағынады. Жауындатып жылайды. Жылайды да көз-жасын өз бойына сіңіріп алады. Жасынан тамырланып көк алған, бір түске бағынбас табиғатқа түлетіп өмір беріп, баршасының сойы өзі екенін медет қылады. Енді, міне, қар астында тоңданып дірілдейді.
Дала-шашасынан қар кешіп, тұла бойын дүр сілкіндіре дүрілдеп, суық сорып қатқақтана құрыстанған денесіне қан жүгіртіп, айналасын айқайға тұндырып қалың қол жүріп өтсе деп үміттенді. Бірақ жоқ іздеген я хабаршы салт атты болмаса, жеңіс туын жалаулатқан жеңімпаз түмендер көрінбейді.
Жер- екі елі ақ былғарыдан табандап, қонышын қоян терісінен қаптаған, ұшы қайқиған, басы оюланған етік ізінің таң алдында қылаулана жауып, кешегі іздерді жасырған ақұлпа қардың үстіне бүгінгі түскен алғашқы із екенін сезген жоқ. Бар аңсары- омырауын қандаған дүбірлі ат тұяғы.
Таң сыз бере хан ордасынан шыққан жалғыз із, орданың күншығысындағы түйежон төбеге қарай созыла суыртпақталып барады. Із иесі- Бөрте еді.
Хан күйеуі қанша жорыққа аттансада тек жеңіспен оралатынына еті үйренген Бөрте дәл бүгін қатты алаңдаулы. Елтіріден тігілген ішігінің жағасының ішіне мойынын тығып сәл дір етті. Ұлы ханның қолы кеткен тұсқа қарап еді көз суырар аппақ қар. Күншығысқа қараған қалпы «Қанағатсыздық» - деп жеңіл күрсінді. Сосын есіне түнде көрген түсі түсті. Темучин екеуі дәл осы төбенің үстінде тұр екен дейді. Темучин әлденені айтып күншығыс жақты нұсқап еді, көз ұшында бұларға бағыт ұстап келе жатқан бөріні көріп «Темучин» деп бір адым артқа шегініп күйеуінің артына тығыла түсті. Екі көзі бөріде. Темучин бөріден көзін алмаған күйі «Жараланған» деді. Бөрте әуестікпен алға ұмтыла берген сол еді, жұқа шабынан қан саулаған бөрі екеуінің жанынан өте шықты. Беталысы батыс. Бөрте бөрінің соңынан қараған қалпы Темучиннің білегінен ұстамақ болып еді қолы ауа қармады. Шошына жалт қарағанда Темучиннің орнындағы ұйыған қанды көрді.. Түсінен шошып оянған Бөрте, Тәңіріне жалбарынып төбе басына тұрған беті осы-тын.
Күншығыс пен күнбатысқа кезек қараған Бөрте ғұмыры ат үстінде өтіп жатқан жарының қанмен ашқан дүниені қанмен тазартқысы келетініне ойы жетпейді. Даңқ пен дәрежеге қылыштың жүзімен жеткен Темучиннің түпкі ойы Бөртеге анық емес. Кейде жорықсыз жатуды жөн көрмей, жаулауға аттанатыны өз еркімен емес, өзгелердің «Жебесінің жеткен жері осы. Енді, атқа қонып алысқа аттанбас» деп айтар сөзінен секем алатыны ма деп ойлайтын. Болмаса, тек құмарлық. Атының тұяғы тиген жер көзіне көрінбесе де көңіліне олқы соғып тұрама екен? Ұлы ханның неге сонша дүние билігіне құмарлығын білмей-ақ қойды. Темучин Бөртеге қазір жар да емес. Ол Ұлы хан. Бөрте - мынау кіндік мекеннің кіші билеушісі. Өзі көрмеген жерге Бөртенің бұйрығы жетіп жатады. Шашырай қоныстанған көшпелілердің ішкі ісін Бөрте жайғастырып отыр. Жар төсегінде қашаннан бері жалғыз екені есінде жоқ. Темучиннің исін де ұмытыпты. Тек Тәңірі теліген жарының ақ жолы мен жарлығына адалдық қана бар. Бірақ жатса, тұрса баяғы балғын шағындағы Темучинді сағынатын. Төбе басында түпсіз ойға беріліп кеткен Бөрте күншығысқа тағы бір мәрте тесіле қарады да «Тойымсыздық» деп ауыр күрсініп кері бұрылды. Келген ізін қайтара баспай төбе басынан жаңа із салып ордаға беттеді. Келе жатып шыққан ізіне көзі түсіп, «Темучинге қайта табыстырар із болса, кері қайтатын. Көнеге оралатын» деп ойлады. Өзіне ғана тиесілі Темучинін жоғалтқаны есіне түскенде жанын мекендеген жалғыздық ұлып қоя берді. Бөрте тоңази бастағанын енді білді. Түндегі түсінен арыла алмай, оны неге жорырын білмей ордаға енді. Қайырма киіз есіктен кіргенде жанары қақ төрдегі хан тағына түсті. Телміріп ұзақ қарады. «Темучин екеуіміздің арамыздағы алынбас қамалда осы тақ. Тіпті иесіз тұрсада иментіп, еңсеңді езіп, мысыңды басады. Жақындасаң жаныңды алып қоярдай. Асқақ тұр. Бар дүние осы тақтың алдында тағдырының үкімін күтіп тұрғандай. Тірі жанға сыр алдырмас, секемін селт еткізген жандыны өз қанына тұншықтырып тыныштық тапқанмен табаны қышып, дүниені кезіп, Тәңірдің биілігіне қылыш жұмсамақтай. Бөртеге тақ ұлы ханға емес, хан таққа тәуелдідей көрінді. Өз ойынан селт еткен Бөрте тақтан көзін тайдырып әкетті. Жанында күміс құман ұстап иіліп тұрған күтуші әйелді көріп, жылы суға жүзін шайды. Тақтың оң жағындағы аю терісінің үстіне жайлана отырып таңғы асты аузына ала бергенде сырттан ат дүбірі естілді де іле-шала есіктен сақал-мұртын, қасын қырау шалған хабаршы кіріп, бір дізерлеп, оң қолын жүрек тұсына апарып басын салбыратып жүзін жерден алмастан «Ханшам, ұлы қаған» деп барып сөзін кілт үзді. Бөртенің аққұба бидай өңі сәл сұрланып, бетінің қызылы тарқап қабағы дір етіп, «Айт» деді. Хабаршы жүзін тіктемеген бойы «Ханшам, ұлы қаған мерт болды» деді. Бөрте бойын сумаңдай аралап қарып өткен қара хабардан тастай қатып отырып қалды. Әлден уақытта ерні болар болмас жыбырлап, «Бөрі» дегенге әрең тілі келді. Қысқа кірпіктерін қамастырғанда екі тамшы жас мөлт етіп қудай болып ағарып кеткен бетіне тамып, із тастап домалап түсті.
Ұлы қағанның сүйегін алып келген қалың қол орда маңын қоршай жайғасқанмен түннің өзі тісінетіндей хан ордасы тыныштығын бұза алған жоқ.
Екі қонақтан соң, қырық адам Ұлы қағанды жерлеуге аттанды. Қаралы қолды ботасын ерткен ақ інген мініп Бөрте бастап барады. Межелі жерге жетіп тоқтаған шеру Ұлы қағанды түйеге теңдеп әкелген байлығымен қоса жерледі. Бөрте ақ інгенді боздатып отырып ботасын бауыздатып ханды бірге жерлетті. Бөртенің дегенімен айдап жыққан қарақұрым жылқыны қағанның моласының үстінен арлы-берлі үш мәрте айдап өтті.
Ордаға оралған соң ұлы ханды жерлеген қырық батырды жеке-жеке шақыртқан Бөрте әр батырға ұлы қағанға адалдығы мен берілгендігі үшін келесі батырды өлтіруге тапсырма берді. Ханның соңғы мекенін көргендердің көзі түгелдей құрыды. Соңғысы - Бөртенің өз қолымен ұсынған қымызды сіміре тартты. Кешікпей ол да Ұлы әміршісінің соңынан кетті.
Дала. Сол баяғы қалпы. Жасарғанда, қартайғанда жоқ. Селеу басын селдірете тербеп даланың аңызғақ желі соғып тұр. Көз суырып бұлдыраған сағымның ішінен ағараңдаған бейне жақындаған сайын айқындалып келеді. Боздаған даусы ұлы даланың жанарына жас үйіріп, жалғызына деген сағынышын үдетіп, ботасы өлген жерге аңырап ақ інген келе жатыр. Үстінде ─ тәңірі теңі етіп берген жарының жатқан топырағын көріп жанын сарғайтқан сағынышын баспақ Бөрте.
Ұлы даланың аңызғақ желі жүзін топырақ жасырған сырды тынбай күбірлейді.






Володяның басы
Барлық балаларға тән қасиетпен ол да тезірек есеюге асығатын. Бірақ бұл сапар есеюге емес, Құдайға апаратынын білмейтін. Есеюдің ешбір қызығы жоқ екенін кейін білді.
Қызыл галстук байлаған пионерлердің ән айтып тізіліп бара жатқанын көргенде, тіпті қызығып кетті. Қақпа алдынан жүгірген бойы шешесіне келді де,
- Мама, мен қашан пионер болам?- деді ентігін баса алмай. Шешесі күлді де,
-Пионер болу үшін алдымен октябрят болуың керек. Құдай қаласа, деп барып, шешесі аузын алақанымен жаба қойды. Анасының әр сөзін тыңдап тұрған кішкентай қыз:
-Құдай деген кім?-деді, жұлып алғандай.
- Ақырын ойбай, ешкім емес. Ендігі әрі бұл сөзді айтсаң -деп барып, үнсіз қалған шешесі қызын қолынан жетектеп, төргі үйдегі сандықтың қасына алып келді. Сандықтан кішкентай ақ матаға оралған нәрсенің орауын жазғанда, ішіндегі төсбелгіні көрген көрген қызы -Мынау Ленин атам ғой-деп, қуанып кетті. Ленин атасын жақсы көретін. Төсбелгіні қолына ұстап отырған шешесі қызына қарап күлімсіреді де, -Міне, осы төс белгіні сен октябрятқа өткен кезде кеудеңе тағасың. Бірақ сен жаңағы құдай деген сөзді ұмыт. Әйтпесе көршінің баласына бере салам. Жарай ма? Лениннің бас суреті бейнеленген төсбелгіге қызыға қарап тұрған қыз: - Жарайды мама,-деп, басын изеді. Шешесінің «О, Алла» деп күрсінгенін сыртқа қарай жүгіре жөнелген қызы естіген жоқ.
Өзінен бір клас жоғары оқыған көршінің баласы октябрятқа өткенде қатты қызықты. Тіпті, «ұйқтап таңертең тұрғанда көктем болып тұрса ғой» деп те армандады. Әлгі көрші бала бұрын мектептен бірге қайтып, бірге ойнайтын. Қазір бөлектенген. Октябрятқа өткен өз кластастарымен ғана ойнайтын болды. Октябряттарға Володяның басы белгіленген төс белгі беретінін естіген. Бірақ төс белгіні көрмеген еді. Әдемі екен. Бірде, бір топ бала ойнап жүргенде көрші бала келіп өз төсбелгісін көрсетіп, Володя туралы мұғалімнің қандай әңгіме айтқанын, өзінің октябрятқа өткенде ант бергенін айтып мақтанды. Қызығып, қызғанып кеткен бұл, - Көктемде мен де октябрят болам. Менің төсбелгім мынадан әдемі. Ол мамамда-деп еді. Октябрят көрші - Сендер өтпейсіңдер. Енді октябрятқа қабылдамайды -дегені сол екен кішкене қыз жылап жіберді. -Мамама айтам - деп, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Ол кезде бәрі басқаша еді. Адамдардың бәрі арманшыл болатын. Құдай деу де арманға айналған кез еді. Мен алғаш Құдай бәрімізді жаратқанын естігенде ата-анама біртүрлі сенімсіздеу қарағаным есімде. Ол шақта бәрі бар, тек, бостандық жоқ еді. Бірақ, біздің ауылдың адамдары бостандыққа зәру емес еді. Қарапайым адамға керектің бәрі болды. Армандардың орындалуы да партияға адалдықтан басталатын. Ал қазір бостандық бар да, ештеңе жоқ. Иә, Құдайға ештеңе егіз емес екенін кейін білдік. Арман да, бостандық та бос әуре екен. Қолға түскен соң құны жоғалады.
Сонымен, біздің кейіпкеріміз күткен көктем де келіп жетті-ау. Бұл қайта құрудың дәуірлеп тұрған тұсы еді. Ел іші, тағы бір керемет болардай алаңдаулы -тын. Тегінде Бостандық дегеннің өзі адамның өз ішіндегі шын бейнесімен бетпе-бет келуі. Адамның шын бейнесіне жасырылған шындықтар, Құдай ақиқатына не жақын, не алыс болуы мүмкін. Себебі, Құдай мен Адам арасындағы кедергінің өзі адам ғой. Қалай болғанда да, еркіндік деген сөз ел ішін кезіп жүрген еді.
Көктемнің әр күні октябрятқа өтуге жақындатып келе жатқанда бәрі нілдей бұзылды. Бұдан былай октябрятқа өту тоқтатылыпты. Мұғалім мұны аса бір қынжылыспен, жыларман болып жеткізді. «Неге, неге бізге келгенде тоқтайды, сонда бізді Ленин жақсы көрмей ме?». Балалар шуылдап кетті. Өзі енді ғана партияға өтемін деп, дайындалып жүрген жас мұғалім өзін кінәлай қараған кішкентай көздерге қарай алмай сырт айналып кетті. Бір класс арманның тас-талқаны шықты. Мұғалімдерінің теріс қарап жылап жібергенін байқаған оқушылар тым-тырыс бола қалды. Сол сәтте ол кластан лып етіп шықты да, үйіне қарай безектеді-ай келіп. Жылап келеді. Жүгіріп келеді. Келе сала сандықтағы төсбелгіні іздеді. Төсбелгіні көрді де, өксіп-өксіп жіберді. Кішкентай қыз арманның орындалуы да біреулердің саяси шешіміне байланысты болатынын сезген жоқ.
Үйге келген шешесі, Лениннің басы бейнеленген төсбелгіні ұстап жылап отырған қызын қалай жұбатарын білмеді. Сол күні октябрятқа өтпей қалған балалардың ешбірі ойынға шықпады.
Іле-шала Тәуелсіздік деген сөз бұл ауылға да жетті. Ешкім қуанған жоқ.
Бәріне кінәлі тәуелсіздік секілді көрінді. Жұрт жақсы өмір сыйлаған тәуелділіктен айырылғысы жоқ еді. Ол да октябрятқа өтпей қалғанын тәуелсіздіктен көрді. Төсбелгі сандықта алты жыл жатты. Бұл - бәлкім бәрі қайта қалпына келер деген шешесі екеуінің үміті еді. Тәуелсіздіктің алтыншы жылында ауылдағы Лениннің ескерткішін құлатқанда үміттері біржола өшті. Содан бері ол армандаудан қорқатын. Тек анда-санда төсбелгіні кеудесіне тағып, октябрятқа өтіп жатқан өзін түсінде көретін. Кейін бәрі ұмыт болды. Өмірдің негізгі мәні де бәрінің ұмыт болуын да екенін бағамдаған. Тіпті кейде Құдай да.

3 дек. 2009 г.

ҚАЛАДАҒЫ ТОПЫРАҚ ИІСІ


Ерлан Нұрдықан


ҚАЛАДАҒЫ ТОПЫРАҚ ИІСІ

Бұрымына қара қоңыр
Сағыныштан гүл тағып,
Жалаңаяқ барады өмір жанарынан құм тамып.
Тас баспалдақ, таныс көше...
Талықсыйды таңғы аспан.
Торы бұтақ.
Тозған кітап-
Парақтарын шаң басқан,
Аңқиды тек анау қырдан алтын ғасыр өлеңі,
Жердің иісін танауға ұрған жел жетелеп келеді.
Топырақтың иісі гүлде,
Соған ғашық сояулар,
Жапырақтың түйсігінде бозғылтым бір бояу бар.
Найзағайды сабау қылған кейуана – кең дала,
Жердің исін танауға ұрған жеткізер тек жел ғана.
Алқам-салқам дал-көңіл жолға шөлдеп ақ шаңдақ,
Жалаңаяқ барады өмір тас көшеде ақсаңдап...
Торы бұтақ.
Тозған кітап-
Парақтары кірлеген...
Ол-мен, Аға!
Сахараның сағынышынан бүрлеген,
Бесігім – дала,
Бейітім – қала,
Беу, қалғыма түйсігім,
Тас көшеде танауға ұрған топырақтың исімін.

Мұхит жуа аршу(аударма)

ЕСКЕ АЛУ БЕЙНЕ МҰХИТ ЖУА АРШУ СИЯҚТЫ 

  Жунт Глас  

(Романнан үзінді)

Аударушыдан:

  Жунт Глас _ 1927 жылы туылған. Германияның осы заманғы атақты жазушысы. 1999 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері. « Мұхит жуа аршу»_ оның 12 жастан 32 жасқа дейнгі тұрмыс барысын естелктеген шғарма. Шығарма өзегінде өзінің жас шағында натсистердің құралды партиясының қорғау әтретіне қатынасқанын ызаға булыға отырып жазған. Кітапта, ол бір-бірлеп жастық оты жалындаған өзін тектей отырған әрі қабат-қабаттай өз еске сақтауын арши отырған. Әйтсе де бұл бір азапты да ауыр, көз жасқа шыланған барыс еді. Өйткені, бұл Гластың қарауынша :« осы кітапқа сөзсіз бір форма табу керек болды, ең қиыншылығы осы болатын. Біздің естегілеріміз , біздің өз-өзімізге жасаған кескіндемеміздің елді алдау мүмкіншілігі жан-жақтылы_міне (естелік , өздік кескін) үнемі адам алдамшылық, бұл бүкіл жамағатқа тайға басқан таңбадай анық ақиқат еді. Біз өз бастан кешкендерімізді көркемдеп, сахыналастырып, бірсін-бірсін ескерусіз қалған уақиғаларды жинақтастыруымыз керек. Мен осынау барлық еңбектерімді олар көрген жерден-ақ біле қояды, әдеби естеліктің жаман аты да осының ішінде деп ойлаймын, «Мұхит жуа аршу»-дәл осы болмақ. Мұхит жуаны аршыған шақта, яғни, шығармашылықпен айналысқан шақта, бұлар бір-бір қабықтан, бір-бір сөйлемнен барған сайын көрнектілене түсті, адамдар сол шақтарда ғаламнан аты өшіп жоғалғандардың өмірге қайтадан келіп жатқанын көре алады.»
 Бір түн жүріс барысында, сансыз рет тоқтаған Отарба ақыры империяның астанасына келіп жетті. Отарбаның кібіртіктей аялдамаға кіруі, бейне жолаушылардан сұрастырылмаса да барлығы алдын-ала орналастырылып қойғандай. Аспаннан жаумаған қиыспастығымызды да олардан жалбарына сұрай, қазірден бастап болашақты есте сақтарлығымызды толтыра бастайтындаймыз.
 Менің еске ала алатыным, жол үйіндісінің екі жағалауындағы бірнеше қатар үйлер және бірнеше қамақхана районының өртеніп жатқаны болды. Ғимарат терезесінен жарқылдаған от ұшқыны көрінеді. Тағы да ары қарай қарасаңыз, қою қараңғылық арасындағы гүрс-гүрс жарылған көше мен ағаштары бітік өскен артқы ауланы байқайсыз. Ең мықтағанда тек бірнеше шіріген қағаз қиқымы тектес адам бейнелері ғана көз алдыңызда көлбірекдейді. Лек-лек болған топты бейнелер мүлдем ғайып болған. Вокзал ішінде, көпшілік жан көз жетер жердегі лаулаған өртке пысқырып та қарамайтын сыңайлы. Бұл арада шақ-шәлекейі шыға сапырылысқан мынадай көріністер бар еді: келіп-кетіп сеңдей соғылысқан, балағаттасқан әскер, кенеттен жабыла қарқылдасқан қатты күлкі дауыстар, демалысын аяқтатып алдыңғы шепке аттанған солдаттар мен алдыңғы шептен демалысқа келген жауынгерлер. Ерікті герман қыздар отрядындағы бойжеткендердің көпшілікке ыстық сусын таратып жатқаны, әскер қатарына ілінген жігіттер мытып кеткен бойжеткендердің «ха-ха-ха»лаған күлкісі де бір үлкен шаруадай көрініп кетер еді.
  Тегі не нәрсе осыншама кеңсірікті ашытты екен ә? Әлде, вокзал сарайының ішіндегі бу машинасының гудогынан шыққан түтіннің зал төбесін бүлдіріп кеткені ме, жоқ әлде, жел ұшырып жеткен өрт күйігінің қоңырсыған иісі ме?
  Аттанар әскерлерге жол азық таратылып берілді, оған темекі де қамтылған екен, қылаяғы мен сияқты темекі шекпейтіндерге де бір қорап бар көрінеді. Алайда менің темекім көзді ашып-жұмғанша таланып түгесілді. Айырбас үшін сапарлас жігіттердің бірі менімен келісті, ол маған тек рожество мерекесінде істетілетін шоколад ортасына қатталған бадамды картоп тосабын берді.
  Жиналу кеңсесі, тізімделу бөлімі, қолбасшылық орталғы.....сансыздаған көрсетпе тақтайшалары кісі көзін шұбартып жіберер еді, қайсысына қабылданарым белгісіз. Құдай оңдағанда, екі жандарым маған жол нұсқады. Олар кеуделеріне шынжыры салақтаған металл куәліктерін асып алыпты, барлық адам оларды «Шынжырлы кескек төбет» атай бере, көпшілік олардан сақ болуын ескертеді екен. Вокзалдың билет сату залында мен сияқты бір жаңа әскер қатар ретінде тізіліп тұр. Ұзақ отпей біреу келіп менің алақаныма мына мазмұндағы Әскери бұйрықты нығарлай салып кете барды: Келергі аялдама Дилсон.
  Мен әскер қатарындағы бозбалалардың жарқын-жарқын күлісіп, ыстық-ыстық әңгімелесіп отырғанын көрдім. Барлық адамның жан аясы таңырқанысқа толы еді. Бейне біз бір түрлі қауіптерге ұшырауымыздың рұхсат етілуі сияқты, қуанышты, еркін. Мен өзімнің қарқылдай күлгенімді естідім. Тіпті, әзірейілмен аймаласып келе жатқанымды да білмеймін. Түс көріп жатқан сияқтымын. Жалғас, әуе шабуылынан қорғану сигналы жаңғырып, барлғымыз вокзалдың кең тынысты жер асты залына кірдік. Бұл ара әуе шабуылынан қорғану үңгірі ретінде істетіледі екен. Жауынгерлер, жай бұқара, аз болмаған балалар, зуза үстінде жатқан жаралы әскерлер көзді ашып-жұмғанша түрлі- түстегі адамдар бір араға топтасып қалды. Адамдар арасында бір топ көркемөнершілер бар болып, ішіндегі бірталайы ергежейлілер екен. Барлығы да сахна киімін киінген, олар қойып жатқан концерттерінің жартысы аяқтағанда әуе шабуылынан қорғану сигналын естіп осы араға қашып келіпті.
  Сыртта әуе зеңбірегі гүрс-гүрс атылып жатыр, төңіректің төрт бұрышы түгелімен бомба күркіріне көмілген. Осылай бола тұрса да, олардың концерті жер асты залында өз жалғасымын таба берді. Бір ергежейлі сахнаға шығып серік ойынын ойнай бастады, конус, шар, реңді сақиналар кеңестікте қалықтап бара жатты, біз оларға қарап аузымыздың аңқиып қалғанын да сезінбей қалған екенбіз. Тағы бірнеше ергежейлілер қосыла серік ойнына шықты. Ішіндегі денесі нәзік те кішкентай бір бойжеткен өз сәулеттілігін иілген денесін бүктей қабыстыру арқылы қалай сәулелендіру керектігін түсінетін тәрізді, сонымен бірге ол сүю ишарасын да барлығымызға бағыштап үлгірді. Бұл көркемөнершілер соғыс базасындағы көшпелі театр үйірмесінікі екен, үйірме бастығы аласа бойлы шал сахнаға шығып өнер көрсетті. Ол кеңестіктегі құр әйнек стаканға су толтыру барысында саусағымен стакан түбін сипалау арқылы таңғаларлық әсем музыкаларды ойнап шығарды, ол өтірік қалыптағы әсем жымиысына бүкіл бетін жаптырып жіберді. Бұл көріністер сенің есіңнен мәңгі шықпастай еді.
  Cигнал тоқтасымен, мен дереу трамвайға отырып өзге бір бекетке жеттім. Ол араға баратын жол бойында ауыз толтырып айтарлықтай ештеңеде жоқ еді. Жаяу әскерлер азықтығындық тосапты бөлкені сөз етуге болмас, оның да ешқандай алдыға озған немесе артта қалған идеялық шифрды шешулігі жоқ. Мен осы арада отырып, осынау соғыс өрті әлі де шарпып жатқан қалада, нақтырақ айтқанда жаңа қала маңында әрі орыны ақмарал районындағы тамаша есікті ғимаратта өзімнің қайсы әскери бөлімге баратындығым туралы бірақ білдім. Маған екінші рет берілген әскери бұйрықта айдан анық жазулы, менің атыммен аталған әскер қатарына кіруші партия қорғау армиясының жаттығу алаңында тәрбиеге қатысып, танкшы әскер болып шығуыма нұсқау көрсетіліпті. Жаттығу алаңы сонау алыстағы Босимия ормандығының мәлім бір жерінде екен...
  Мен сол кезде қорықтым ба, әлде қорықпадым ба? Алпыс жылдан кейінгі бүгінгі күнде де, мен осы жазулар арасындағы екі қайталанған S әрпін көрсем болды тұла-бойым түршігіп кетеді, сонау шақтағы әскер қабылдау кеңсесінде бұларды көрмей қалу мүмкін емес еді. Сол мезетте менің тұла бойым ұқсас түршгіуді сезінді ме?..
  Теңіз жуасының қабығына ешқандай бір қорқылу болып оқылатын, тіпті таң қалудың да ізі жоқ. Жазылмаған еді. Әсіресе, үрейленуді айтқанда, менің партия қорғау қосынын сайдың тасындай таңдамалы армия деп қалғанымды әңгімелеуіме жетпейді. Әскери шек сызығын бұзып кіруге ұрынған жау армиясын тосу үшін Скаидмияңск сияқты жерлерді қоршауға алу, Шарковты қайтадан тартып алу, барлығы да партия қорғау қосынының шабуылшыға жау шебіне омыраулай енуін күтіп тұрар еді. Әскери форма _жеңімдегі анау көне герман әрпімен жазылған S мені ешқашән жеккөрушілкке апармайтын. Өзін маңғаз бір семия еркегі деп білген бозбала үшін, маңыздысы қайсы түрдегі әскери бөлімге қатсу еді. Сонымен бірге ерекше хабарландыру аясынан қарасын батырған сүңгуір кемешілер отрядына баруға болмайды. Баруға тура келсе «Иерік.D. Филонзбейк» танкы дивизиясына барып танкшы болу керек. Менің Ақмарал қолбасшлық орталығынан білгенім, бұл бір жаңадан құрылған қосын екен.
  Мен филонзбейктың кім екенін білетін едім, ол Дихандар соғысы кезінде Швабын одағының төрағасы еді, « жалданбалы әскер атасы» деген аты да бар болатын. Бұл соғыс _еркіндік және азаттық үшін күрескендігі жағынан әйгілі болған. Тағы, партия қорғау қосыны көз қарата алмас дейтіндей емес Европалық салауатпен, әрқайсы дивизиялар арасындағы сәйкесе соғыс жүргізудің тілектестігі кеңестігінде Франциялықтар, тағы да аз болмаған Норвегиялықтар , Даниялықтар, тіпті орта тұстағы Швециялықтардың барлығы шығыс тұстағы алдыңғы шепте бір майдан, яғни, тасқындай келген болшевиктер селінен Европаны қорғау соғысын жүргізді. Егер сылтау табуға тура келсе, қиналмай-ақ қойнмнан сурып берер едім. Сөйтсе де осынау ондаған жылдардан бері, ақыры өзім мен «Партия қорғау қосыны» атты сөзді мойндаудан бас тартуымның екі S әрпімен байланысы бар болды. Соғыстан кейін мен іштей қорлануға шыдай алмай, аздаған ыңғайсыздықтар бұйдалап мақтан етуге тиісті істер айтылуға итермеленсе де ауызға алынбай , үнсіздік сақталынды. Бірақ, үстіге алушылығымыз әлі де бар, оны ешкімнің де жеңілдетуге мүмкіндгі жоқ.
  Мен танкшілер қосынының жаттығуын қабылдадым. Күз келіп қыс өтті. Селқостық жайлады. Сол жылдың күзі мен жазында кейіннен айпараланған соғыс қылмсын естіп көрмесемде, бірақ, алғашқы білместік деп атап алғандарым, менің кезіндегі жүйеге түсірілгендерімді тұмшалай жасырып қала алмайды. Ал, бұл жүйенің жоспары, ұймдастыру, миллиондаған адамдардың қырылуын келтіріп шығарған. Мен өзімді ешқандай бір бұзақылық істемедім деп ақтала алмасам да, және де бүкіл дүние жамағатшылығының әдеттенуіндегі «бірлікте жауапкершілік арқалау» деген нәрсе бүгінгі күнге дейін тасқындап келеді, мезгілдің мен өмір сүрген аралық жылдарында осылардан қатыстылығымның шеттетілуі қиын екені кесікті.

Автордың «Мұхит жуа аршу» романнан 

Қытайшадан аударған: Мейіржан Әуелханұлы

Журналист



Журналист - қоғамдық ақпараттық саланың қызмектері болып есептеледі. Ол жаңалықты халыққа таратушы болып табылады. Журналист - газет-журнал немесе радио мен теледидар жұмысын атқарып, шығармашылық қызмет жасайды. Ол редакция жұмысында бірінші - ұйымдастырушылық, екінші - әдеби өңдеу, үшінші - шығармашылықпен айналысады. Бұл үшін оған білім мен қабілет керек. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіліп жазатын болуы керек. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазатын болуы керек. Жұртқа өмір жайлы толғап айта білу де үлкен өнер. Ол үшін тіл, сөз байлығын қолдану қажет. Тағы бір айтарлық жайт, журналист қоғамдық қайраткер бола алса, тіпті жақсы. Ол заман, уақыт ағымын жақсы түсіну тиіс. Әсіресе, идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білген жөн.

Журналистің тағы бір қасиеті - оның саяси - әлеуметтік қызметіне, дүниеге деген көзқарасына, позициясына байланысты. Бұл - жан - жақты білімділік пен саяси - азаматтық тұрғыдан өсу, кемшіліктерге төзбеу, уақытпен санаспау керектігін білдіреді. Журналист өз ісіне адал берілген мамн болуы тиіс. Соңдай - ақ, журналист көпшіл болуы, жұртпен тез ортақ тіл тапқыш болса, тіпті жақсы. Ол қашанда жинақы, қиын жағдайдың өзінде жұмыс істей алатын, аңғарымпаз және сезгіш болуы керек.



Энциклопедиядан

"Тазының өмірі"-Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

 Тазының өмірі

 Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД



 


Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед
  1960 жылы 12 желтоқсанда ҚХР Шәуешек қаласында дүниеге келді. Қазақ. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заң ғылымдарының докторы, профессор. 100 – ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді.
  Ғылыми қызметінің негізгі бағыты: мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы.1982-1992 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакциясында ғылыми редактор, аға ғылыми редактор, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы - бас директордың орынбасары.
  1992-1999 жылдар аралығында шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті.1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.2001-2003 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.2007-2008 жылдары Қызылорда облысының әкімі.2008 жылғы 12 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі.
  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996 ж.).«Құрмет» орденымен марапатталды (2004 ж.).


 Журналистердің көп қоятын сұрақтарының бірі: “Қандай хоббиіңіз бар?”. Орыс тіліне әлдеқашан тастай батып, судай сіңіп кеткен бұл сөздің төркіні ағылшын тілінде жатыр, оның қазақша ең жақын мағынасы “әуестік” болар деймін... Менің үш әуестігім бар: бірі – ит, екіншісі – құс, үшіншісі – ат. Кейінгі екеуі туралы тағы бір реті келгенде жаза жатармын. Бүгінгі әңгіме тақырыбы – ит. Ит болғанда жалпы барақ атаулы әңгіме емес, ит төресі тазы туралы баян. 
Қазақта “ит – жеті қазынаның бірі” деген аталы сөз бар. Бұл өзі тым ертеде дүниеге келген мәтел сияқты, себебі осы тектес тіркестер аңшылықты кәсіп еткен көптеген халықтарда кездеседі. 
Қазақ, сондай-ақ, баласын еркелеткенде де “ботам”, “қозым”, “құлыным”, “күшігім” дейді. Байқайсыз ба, бұлардың ішінде зеңгі баба мен шекшек ата төлі аталмайды, сөйте тұра “иттей болды”, “ит қорлық” “ит мінез”, “ит өмір”, “иттей ырылдасу”, “итін шығару” деп “өмірдегі барлық сәтсіздіктерді” ит жазғанның басына үйіп-төгеді. “Күшігім” десе еркелеп мойныңа асылуға әзір ағайынға “итім” деген сөзді абайламай айта қалсаң, қолы жағаңда кетері анық. Шамасы, итке байланысты итшілеу тіркестер оның бақырауық барақтар мен қыңсылаған қандендер сияқты тексіздеу тұқымдарына қатысты айтылса керек. Әйтпесе сөздің парқын бажайлай алатын нағыз қазақ “жігіттің сұлтанынан” “жігіттің сырттанын” жоғары қойған. Осындайда есіме бала кезде естіген “Сырттандар” атты жартылай хайуанаттар, жартылай мифологиялық сипаттағы ертегі түседі. Жалпы әлем халықтары фольклорында бірінен бірі айнымайтын егіз қозыдай ертегілер көп-ақ, бірақ дәл осындай қайталанбас қуатты ертегіні еш халықтың ауыз әдебиетінен оқымаппын. Оның серпінді сюжеті былайша өрбиді (мен құлағыма құйып өскен нұсқа “Қазақ ертегілерінде” басылған нұсқадан сәл басқашалау). 
Баяғыда бір байдың әулие-әмбиелерге жалбарынып жүріп тілеп алған жалғыз ұлы болыпты. Тумысынан ақылы мен көркі, күші мен қайраты ерекше жаратылған әлгі бала алтыға толмай бір түс көреді. Түсінде есік пен төрдей көкжал қасқыр баланы жеуге келе жатады. Күн сайын қайталанып, жалғыз ұлын күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырған бұл түсті бай атақты сәуегейге жорытқанда ол: “мұнда қала берсе бұл қасқыр түбі балаңды жемей қоймасы анық. Қашып құтылмаса - жаны қалу-қалмауы екіталай”, - деген жорамал айтады. Сөйтіп әкесі балаға қуса жетіп, қашса құтылатын сәйгүлік іздеп жылқыға келеді. Сонда жылқышы: “Көп жылқының ішінде жабағы жүні түспеген бір кербесті бар. Көзге қораш болса да, аз оттап, көп жусайды және түнде тұяғынан от шашады. Сені құтқарса сол ғана құтқарар”, - деп балаға кербестіні ерттеп, ақ батамен аттандырып салады. Кербесті жарықтық шапқан сайын бауырынан жарап, ауылдан ұзай береді. Бірақ тұлпар шіркін құстай ұшса да алыстан көрінген көкжалдың әуелі сұлбасы, кейін арсылдаған дауысы жақындай түседі. Ара қашықтық құйрық тістер жерге қысқарғанда алыстан “маңқ” еткен иттің дауысы естіледі. Осындайда сілекейі шұбырған бөрі селк ете түсіп, сәл тоқтайды да, бала біршама ұзап кетеді және бұл оқиға сан мәрте қайталанады. Көп ұзамай бала алыстан көзге шалынған ақ боз үйге өлдім-талдым дегенде әрең жетіп жығылады. Әбден қалжыраған баланы үйге түсірген отағасы оған қасқырдың жайын баян етеді: “сені қуған жай қасқыр емес, қасқырдың сырттаны еді, ал сені алып қашқан кербесті туғаннан бері осы шабысқа өзін жаратып жүрген жылқының сырттаны болатын, саған жақындап, ауыз сала бергенде үрген есік алдындағы қараауыз тазы - иттің сырттаны. Ал сен жігіттің сырттаны болуға туған бала едің. Сондықтан қасқырдың сырттаны сені жеуге асықты, ал жылқы мен иттің сырттаны сені құтқаруға тырысты. Ер жеткен соң өзің де алдырмас едің, мұны білген қасқырдың сырттаны сені бала күніңде құртпақ. Егер ол сені жесе бүкіл адам баласына қасқыр қожалық ететін болады. Сен бала сырттан болсаң да ит пен жылқының сырттаны көмекке келгендіктен енді ешкімге алдырмайсың. Сондықтан аңдысқан жау қапыда алмай тұрғанда ертең ашық айқасқа шығасыңдар”, - дейді. 
Сөйтіп ертеңінде болған алапат айқаста ит пен қасқырдың сырттаны бірін бірі ала алмай мерт болып, адам мен жылқының сырттаны аман қалады. Содан бері ит пен қасқырдың ашық айқасында бірде ит, бірде қасқыр жеңеді екен де, адам атаулы қасқырдан басым түсетін болыпты деп аяқталады осы бір ғажайып ертегі (бұл ертегінің адамның сырттаны қараауыз тазының иесі екен деп келетін нұсқасы да бар, меніңше, бұл қисынға келе бермейтін сияқты. Жігіттің сырттанын былай қойып, аңшылықты кәсіп еткен екі адамның біреуі көкжалдың қандайын болмасын сойылмен-ақ соғып алмаушы ма еді). 
Бала кезден санада жатталып қалған осы ертегіде көп шындық бар. 
Себебі ит пен қасқырдың атасы бір. Бағзы замандардағы ит – қолға үйретілген қасқыр. 
Ит туралы әлемнің ондаған тілдеріне аударылған танымал кітаптардың авторы Эстер Верхайф-Верхалленнің зерттеулері бойынша алғашқы қасқыр осыдан 10-15 мың жыл шамасы бұрын қолға үйретілгенге ұқсайды. Бір кездері ғалымдар сыртқы түр-тұлғасына қарап “ит атасы – қасқыр” деген болжам жасаса, кейін түрлі селекциялық жолмен алынған салмағы 70 келіге дейін тартатын дат догынан бастап, 700 грамнан аспайтын инктердің чихуахуасына дейінгі алуан түрлі иттер сұрыпталғанда бұл болжамға күмән келтірушілер де болды. Әсіресе кейінгі жылдары нақты генетикалық зерттеулер мен салыстырмалы талдаулар нәтижесінде иттің тегі қасқыр екендігі бұлтартпас айғақтармен дәлелденді. 
Ит адамға үйірсек. Тіпті иесімен бірге өмір сүріп, иесі өлгенде оның зиратының басында жатып нәр сызбастан аштан өлген иттер туралы ел арасында аңыздар аз емес. Өзге жабайы хайуандар ішінде цирктік дрессураға көнбейтін жыртқыштардың жалғызы қасқыр болса да (арыстан, жолбарыс, аюға дейін циркте дөңгелене билетсе де, қасқырды үйреткен әлі ешкім жоқ), күшік кезінен асыраса қолға үйретуге қолайлысы осы қасқыр екені және белгілі. Қасқырды қанша жыртқыш десек те қорғансыз қалған талай “мауглиді” қасқыр асырағанын қалай ұмытуға болады. Екіншіден, қасқыр да ит сияқты жалғыз-жарым тірліктен гөрі, үйір-үйірімен жүргенді ұнатады. Иесіз қалған иттің ұлитыны осы жалғыздықты көтере алмаудан. Үшіншіден, кейбір ит тұқымдарының түр-тұлғасының ұқсастығы (мысалы, неміс овчаркасы) қасқырдан айнымайды. Төртіншіден, қасқыр мен иттің ұйығуынан әлі күнге дейін иттің жаңа тұқымы шығарылуда. Қиыр солтүстік тұрғындары эскимостар хаски, маламут атты ит тұқымдарын осы күнге дейін солтүстіктегі қасқырлармен ұйықтырып, жиі-жиі тұқымын асылдандырып отырады. Голландтық зоолог Леендерт Саарлос неміс овчаркасын қасқырмен ұйықтыру нәтижесінде волфхонд атты қолға тез үйренгіш, тұқым қуалайтын ит ауруларынан ада, бала-шағаға үйірсек жаңа тұқым алды. Дүние жүзі кинологиясының ассоциациясы 1975 жылы осы волфхондты дербес ит тұқымы ретінде тіркеуден өткізді. 
Қасқырдың қазақтар үшін, қазақ қана емес жалпы түркілер үшін ерекше тотемдік мәні де бар. Түркі халықтары өзінің шығу тегін қасқырдан таратады. Сондықтан қасқырдың бедер-бейнесі - қылыш, қалқан, сауыт, сақинадан бастап, туға дейін көрініс тапқан. “Бөрілі менің байрағым” сөзінің төркіні де осыдан шыққан. Бұл арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып болғандықтан оны осымен тәмәмдап, тазы тарихына оралайық. 
Ұлыбританияда ит атаулыны алты, ал АҚШ-та жеті топқа бөледі. Алғашқысы - хаундтар (аңшы иттері – тазылар осы топта), спорттық иттер, теръерлер (тұрқы, аяғы қысқа иттер), қолбала (пользовательные) иттер, қызметтік иттер, декоративті иттер. 
Тазы атаулының бәрі хаундтар, яғни аңшы иттер тобына жатады. Ағылшынның грейхаундтарынан бастап, ауған тазысы, арабтың салюкиі мен слуггиі, орыстың сабалақ жүнді тазысына (русская псовая борзая) дейінгілер түгел осы топта. 
Менің дүниенің әр түкпірін аралап жүріп, тұлға-тұрқы қазақтың тазысына ұқсаған ит көрсем елеңдеп, суретке түсіріп, жоғалтқан жоғымды түгендегендей болып жүремін. Сол деректерді саралап көрсем тықыр жүнді тазылардың атасы бұдан 5-6 мың жыл бұрын қолға үйретіліп, перғауындар заманында дербес ит тұқымы ретінде өсірілген перғауын иттері (фараонова собака) сияқты көрінеді (№1 сурет, Анубис бейнесінде перғауын иті). 
Біздің дәуірімізге дейінгі 1350 жылдары өмір сүрген әйгілі Тутанхамонның қабірінен табылған заттар ішінде ажал құдайы Анубис бейнесінде осы қара түсті перғауын иті бейнеленген. Бір ғажабы тазы иттің осы тұқымы Солтүстік Африка мен Мальта аралында күні бүгінге дейін дәл осындай күйінде сақталған (оның перғауын итінен құлағы сәл кішірек және құйрығы жіңішкерек). Осы күнгі перғауын итінің ұзындығы 50-55 см, салмағы – 20-25 келі. Құлағы тік және шашағы жоқ демесең қазақ тазысынан еш айырымы бар деп айту қиын (№2 сурет. Осы күнгі перғауын иті). 
Перғауын итінің жалпы тазы атаулының арғы атасы демесең, таза қазақы тазының тұқымы араб, парсы жұртының салюки атты ит тұқымынан бастау алады. Салюки мен қазақ тазысының арасында бүгінде де еш айырым жоқ десе де болғандай. Мен өзім Мысыр, Сауд Арабиясы, Катар сияқты араб елдерінде болғанда осы бір ит төресін талай рет көрдім. Бойы 70-72 см, салмағы 25-27 келі шамасындағы салюкиді сәл биіктеу, сәл ұзындау демесең айна қатесіз тазы дерсіз (№3 сурет. Салюки). 
Бұл иттің де қолға үйретілгеніне 4000 жылдан астам уақыт өтсе керек. Әуелі Араб түбегінен шыққан салюки, кейін Таяу Шығыс, Парсы жұрты арқылы Азияға тараған сияқты. 
Американдық зерттеуші Д.Тейлордың айтуынша иттің атауы Араб түбегіндегі бүгінде құм жұтқан Салюк қаласының атынан шыққан. Иран еліндегі археологиялық қазбалар кезінде біздің заманымызға дейінгі 4200 жыл шамасы бұрынғы көне парсы көзелерінде осы салюкиге ұқсас иттердің бейнелері табылған. Солтүстік Ирактың Мосул қаласының маңында Ғаура-төбе деген жерден табылған көне мөрде салюкиге ұқсас иттердің таутекелерге аңшылығы бейнеленген. Мөрдің жасы - археологтардың пайымдауынша – 5000 жыл. Әуелгіде көне Ассирияға қараған бұл өңірде кейін әйгілі Шумер мемлекеті орнаған. Демек шумер бекзадалары да салюкиді аңға салып, қызығын талай көрген. 
Біздің заманымызға дейінгі 430-350 жылдарда өмір сүрген көне грек тарихшысы Ксенофонт Арабия туралы жазбаларында түр-тұлғасы салюкиге өте жақын тазылар туралы тамсана жазған. 
Арабтар ерекше сұлулығы мен ерен жүйріктігі үшін салюкилерді құмды өлкенің киіктері деп атаған. Арабтар ешуақытта салюкилерді сатпаған: сыйлаған немесе жақын-жуықтарына тегін берген. Ислам дінінің таралуымен мұсылмандар салюкиді Алланың ерекше сыйы ретінде бағалаған. Көшпелі араб ақындары ішінде салюкилерді жырға қоспағандары кемде кем. Салюки бүгінде Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы Біріккен Араб Әмірлігі, Катар, Оман, Бахрейн сияқты елдерде көп тараған. Катар еліне барғанда джиппен құмдағы сафариге шыққан ауқатты арабтардың салюкилерді ерте шыққанын Қазақстаннан барған бір топ азаматтармен бірге өз көзіммен көрдім. Арабтар әлі күнге дейін салюкимен аңға, әсіресе киік аулауға шығады екен. Ағылшын тіліндегі әдебиеттерде иттің бұл тұқымын парсы грейхаунды деп атағанымен дүниежүзілік классификацияға кейінгі жылдары тек салюки деген атаумен енді. Осыдан шамамен 4000-3000 жыл шамасы бұрын салюкидің тұқымы Таяу Шығыс, Парсы жұрты арқылы Ауған жеріне де жеткен сияқты. Осы күнгі аты аңызға айналған сабалақ деуге келмейтін, жібектей төгілген үлпілдек жүнді ауған тазысының да арғы атасы осы салюки болса керек. 
Мен ауған тазысының тарихына үңілмес бұрын бұл иттің үлпілдек жүнді (сабалақ деуге ауыз бармайды) бір ғана тұқымы бар деп ойлаушы едім. Шындығында жағдай мүлде басқаша болып шықты. 
Бірінші байқағаным: иттің аты ағылшын тілінде - ауған хаунды, орыс тілінде афганская борзая деп аталғанымен оның ауған тілдеріндегі атауы “тазы” болып шықты. Екінші аңғарғаным: ауған тазысының тұқымы екі түрлі: далалық тықыр жүнді және таулық үлпілдек жүнді болады екен. 
Ауған тазысының тарихын індетіп жүріп қолыма американдық О.Констанс және М.Э.Гилберт деген авторлардың “Ауған хаунды” атты тамаша кітабы түсті. Олар өз кітабында Ауғанстанда иттің бұл тұқымын тек “тазы” деген ортақ атаумен ғана атайтынын және елдің жазық жерлері мен оңтүстік өлкелерінде салюкиден айнымайтын тықыр жүнді түрі тарағанын, ал үлпілдек жүнді түрі елдің суықтау солтүстік өлкесінде ғана ұсталатынын келтіреді. Осы кітапта 1962 жылы шыққан почта маркасының суреті берілген, ауған тазысы бейнеленген оның астында осы жылдың хиджраша 1341 жыл екені көрсетіліп, араб қарпымен “тазы” деген сөз жазылған. Міне, қазақ тазысының ең жақын атасы әлем кинологтары дүниедегі ең бекзат ит тұқымы деп бағалаған осы ауған тазысы болуы бек мүмкін. 
Ауған ғалымдары тазының өзі туралы талай еңбектер жазғанымен, шығу тарихына келгенде көп сүріне береді. Осы орайда американдық ғалым Джексон Сэнфордтың мына бір деректеріне назар аудара кеткен жөн сияқты. 
1942 жылы бұл американдық ауған тазысының тарихы туралы арнайы зерттеу еңбегін жариялайды. Онда автор қытай жылнама деректеріне сүйене отырып, шамамен біздің заманымызға дейінгі 126-жылы Орталық Азияға иттің бұл тұқымын хунндардан батысқа қарай Алтай тауларында орналасқан өздерін өзі “юэчжи” деп атайтын көшпелі тайпа әкелген деген деректі келтіреді. “Юэчжилер үйір-үйір жылқы бағып, жылқы сүтін сусын ретінде ішкен. Сол көп жылқыны үлкендігі тайдай, қара түсті сабалақ иттер күзеткен. Бұл иттің қаһарына қарсы тұрар хайуан жоқ”, - деп қытай жылнамашысы юэчжи иттері туралы тамсана жазған. 
Дж. Сэнфорд келтірген қытай жылнамасындағы иттің сипаты тазыдан гөрі қазақтың төбетіне келеді. Қазақтың деп отырғаным: біріншіден, әңгіме көшпелі тайпа туралы болып отыр; екіншіден, юэчжилер хунндардың батысындағы Алтайда – яғни бүгінгі қазақ жерінде орналасқан; үшіншіден, қазақтар сияқты жылқы бағып, қымыз ішкен; төртіншіден, қытай жылнамаларындағы “юэчжи” деген тайпа – біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта Алтай мен Алатау арасын мекендеген прототүріктік үйсін тайпасы. 
Бірақ ақиқат үшін мойындау керек, Дж. Сэнфорд келтірген жылнамадағы иттің сипаты сүйріктей сұлу тазыдан гөрі бүгінде тұқым ретінде құрып бітуге арналған тайыншадай қазақ төбеттеріне көбірек келіңкірейді. Сондықтан бұл тақырыптың басын әзірге ашық қалдырып, ауған тазысына қайтып оралайық. 
Ұзақ уақыт бойы “тазы” сөзінің этимологиясы жұмбақ болып келді, бірақ зерттеушілер оны парсы тілінен шыққан деп есептейді. 
Шындығында парсы тілінің диалектісі болып табылатын пушту, дари тілдеріне “тазы” атауы да көне парсыдан келгенге ұқсайды. Парсы тілі мамандарының айтуынша Фирдоусидің әйгілі “Шахнамасында” патшалар аңшылыққа ұстаған иттің атын “Саг-и тази”, яғни “араб тазысы” деп атаған. Тазы сөзінің ауған тілдерінде бірнеше баламасы бар: таза, алғыр, жүйрік. Әрине, мен оқырманды діңкелетпей “тазы” қазақтың “таза” сөзінен шыққан дей салуыма болады-ақ, бірақ бұл жадағай пікір өз қазағымызды оңай иландырғанымен, өзгені бірден сендіре қоймас. Осы оймен “тазы” сөзінің этимологиясына тағы да тереңдей түссем деймін. 
Ауған тазысын американдықтардан артық зерттеген ешкім жоқ шығар, сірә. Солардың бірі Смитсон институтының докторы Ван Бик “тазы” сөзі Йемендегі “Таиз” қаласының атынан шыққан деген пікірді көлденең тартады. Таиз портты қала болған, олар теңіз жолымен саудаға араб арғымақтарымен бірге тазы иттерді де алып шыққан. Сондықтан таиздық иттердің атауы әуелгіде “таиз-и”, кейіннен ықшамдалып “тази” болып кеткен деген тұжырымға келеді. 
Меніңше, бұл қисынға келіңкіремейтін сияқты. Дұрысы “тазы” көне парсы сөзінен шығып, түркі, ауған тілдеріне сіңген. Ал тазының пайда болу эволюциясы: перғауын иті – салюки – парсы тазысы – ауған және қазақ тазысы жолымен жүрген сияқты. 
Бүгінде ит атаулымен әуестенушілер ішінде ауған тазысын білмейтіндер кемде кем. Дэвид Тейлордың деректері бойынша ол алғаш рет 1886 жылы Ұлыбританияға, ал 1926 жылы АҚШ-қа әкелініп, аз ғана уақыт ішінде өз даңқына сәйкес талай үйдің төрінен орын алған. Бұл асырып айтқандық емес, тазы атаулы үйшіктен гөрі иесімен бірге үйде тұруды қалаған. Оның бұл қасиетін жақсы түсінген иелері тазыны көбінесе үйінде ұстаған. Бір –ақ “әттегенайы” - иттің бұл тұқымы әлемдік классификаторға ауған тазысы деген транскрипциямен емес, “ауған хаунды”деген атпен кіріп, бүкіл дүние жүзіне осындай лақаппен таралып кетті. 
Меніңше, қазақ тазысының атасы – салюки, ағайыны – ауған тазысы, оның ішінде үлпілдек жүндісі емес, тықыры немесе далалық ауған тазысы сияқты көрінеді. Оқырманға таулық және далалық ауған тазысының арасындағы айырым түсінікті болуы үшін американдық суретші Лукс Госснер 1964 жылы салған ауған тазысының екі түрінің де суретін келтіріп отырмыз (№4 сурет. Далалық және таулық ауған тазылары). Осы суреттен айқын аңғарылғандай, далалық ауған тазысының қазақ тазысынан айырмасы шамалы, тіпті мүлде жоқ десе де болғандай. Осымен ауған тазысы туралы әңгімені тәмәмдай келе оның жалпы әлемдік стандарттарына тоқтала кетейік: бойы – 70-74 см, жүні – тықыр және үлпілдек, мінезді, бірақ иесіне шексіз берілген, тамақты аз әрі талғап жейді, тұрағы – қай елде болса да үйшікте емес, иесімен бірге үйде тұрғанды ұнатады. 
Міне, тазылар тарихы ендігі ретте бізді - әрбір қазақ баласы кішкентайынан қызығып-құмартып өскен, аты аңызға айналған қазақ тазысына да алып келді. 
Менің алғаш көрген тазыларым сыныптас досым Жанболаттың әкесі, аты бүкіл Барқытбелге танымал аңшы Ахмер ақсақал асыраған әйгілі ұшпа құлақтар болатын. Ахаң сол тазыларымен талай түлкі, қасқыр алды. Әйтеуір Ахмер ақсақалдың аңшылығы жүріп тұрған заманда Мақаншы шалдарының жартысы түлкі тұмаққа жарып қалғаны анық. 
Әрине, менің бойымдағы жалпы ит-құсқа деген құмарлыққа Джек Лондонның әйгілі “Ақ азу”, “Қасқырдың ұлы” атты туындылары мен ұлы Мұхаңның (Мұхтар Әуезов) “Көксерегінің” әсері керемет болғанын айтып жеткізудің өзі артық. Бастауыш сыныпта жүрген кезде Мұхтар Мағауиннің “Ақша қар” атты жинағындағы “Тазының өлімі” атты повесін, ондағы Лашынның аянышты өлімі туралы хикаяны сыныптас балалар қолдан қолға түсірмей оқыдық. Әйтеуір сол жылы біздің ауылдағы төбеті, тазысы, дүрегейі бар жаңа туған талай күшіктің аты Лашын аталғаны және де рас. Кейін ит бейнесі Сафуан ағамыздың (Шаймерденов) “Ит ашуы” мен “Марғау” хикаясынан да көрініс тапты. Сәкен сері (Жүнісов) өзінің “Ақан серісінде” Басарала бейнесін келістіре-ақ суреттейді. 
Кейін орта мектепті бітіріп, ауылдан алыстаған соң көз алдымнан кете бастаған тазы бейнесі көңілден де кете бастады. Сөйтіп жүргенде осыдан шамасы 6-7 жыл бұрын К.Плахов деген орыс азаматының “қазақ тазысы құрып бітудің аз-ақ алдында” деген жанайқайын оқыдым. Оқыдым да жанұшыра әлдеқашан ұмытыла бастаған асылымды іздедім. 
Шындығында ауылдағы бірлі-жарым аңшылардың қолында (оның есебін алған адам жоқ), Алматыдағы К.Плахов, В.Бөлекбаев сияқты екі энтузиастың шағын питомнигінде болмаса, ғасырлар бойы талайларды таңқалдырумен келген осы бір текті итіміздің тұқымы құрып кетудің аз-ақ алдында қалған екен. Көп ұзамай мен Алма-Арасандағы Виктор досымның ит пен құстың бірнеше атасын бағатын питомнигіне ұл-қыздарыммен жиі баратын болдым. Ерекше қуанғаным - балаларымның ит-құсқа деген әуестігінің менен де асып түсетіндігі болды. Осылайша Виктордың әр тазысы күшіктеген сайын әуелі 50 доллардан басталған күшік бағасын біртіндеп 300 долларға жеткіздім. Ол қымбатқа сатқанына, мен тазы бағасының артқанына мәзбін. Тіпті “Дауыл” деген бір жастағы ақ арлан тазыны 1000 долларға сұрағанымда, ол өзіне тұқым үшін қалдырғанын сылтауратып бермеуге дейін барды. Қазақша бір ауыз сөз білмесе де, қазақ тазысының тұқымын көбейтуге барын салып жүрген осы азаматқа деген алғысым ерекше (айтпақшы, “Дауылдан” бір жас қана кіші менің “Тұйғыным” барлық параметрлері бойынша ағасын басып озып, тазы тұқымдастың 2002 жылғы чемпионы атанды). 
Сонымен қазақ тазысы қайдан шықты, қазақ даласына қашан келді? Бұл сұрақтарға жауап беру де оңай шаруа емес. 
Зерттеушілердің бір тобы тазы қазақ даласына ислам дінін таратуға келген араб жауынгерлерімен бірге келді деген версияны ұсынады. Долбармен айтылған тайыздау пікір сияқты. 
Тазы қазақ даласына сақ заманында парсы жұртынан келген деп шамалауға болады. Шамамен 2000-2500 жылдар бұрын болса керек. Кейбір тасқа қашалған петроглифтердегі тазыға ұқсас аңшы иттерінің бейнесіне қарап, бұдан да ертерек замандарда да болған ба деп болжам жасауға да болады. Әйтеуір тазының түп атасы арабтың салюкиі екені айдан анық. 
Салюкидің Орталық Азия мен Кавказға Таяу Шығыс пен Иран арқылы таралғанын жоғарыда таратып айттық. “Тазы” парсының “таза, алғыр, жүйрік” деген мағынадағы сөзінен шыққандығын да қайталаудың қажеті жоқ деп білемін. Бұларға қосымша айтарым: қазақ тазысы мен ауған тазысы Орталық Азияға парсы тазысымен бір дәуірде келіп, оны сақтар мен ауғандар жергілікті табиғи жағдайдың ерекшеліктеріне сай жетілдіріп, қолдан сұрыптап өткізгенге ұқсайды. Мұны ауған тазысының тықыр әрі үлпілдек болып келетін екі түрінің болатындығы дәлелдей түссе керек. Тазының жергілікті ортаға сай бейімделе сұрыпталғанының тағы бір дәлелі тазы тұқымы дәл осындай атаумен қазақтарда ғана емес, түрікмендер мен Кавказ халықтарында (негізінде солтүстіктегі ноғай, құмық түркілері арасында), Қырымда (қырым татарлары) және Ресей жерінде (қазақтар мекендеген аймақтарда) да кездесетіндігінен көрінеді. 
Сөзіміз нақты болу үшін 1932 жылы КСРО-да бекітілген “Аңшы-кәсіпшілік иттердің стандартында” тау тазылары (борзая горская) мен түрікмен тазыларының (борзая туркменская) стандарттық сипаттамалары берілгендігін атап өткен жөн. Тазы тұқымының Орталық Азия ғана емес, Қырым, Кавказда да кездесуін оның Таяу Шығыс пен Ираннан шыққандығын тағы бір қырынан дәлелдей түссе керек. 
Тазы – бай, мырзалардың аңшылық сауық-сайраны үшін ғана емес, көне замандардан ХХ ғасырдың орта шеніне дейін қоңыртөбел халықтың да кисе киімінің, ішсе тамағының кәдесіне жарап келген. 
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстан бойынша “Каззаготпушнина” атты аң терісін даярлайтын мекеме құрылып, онда тазы, бүркітпен аң аулау ісіне үлкен мән берілген екен. Осы мекеменің статистикалық деректері бойынша 1938 жылы Қазақстанда 4200 таза текті тазы есепке алынып, оның иелері бір жыл ішінде “Каззаготпушнинаға” 29400 дана түлкі өткізген. В.Слуцкий деген автордың деректері бойынша, Қызылорда облысы мен Ақтөбе облысының Табын ауданында 1938 жылы әр аңшы бір маусымда бір тазымен орта есеппен 16 түлкі, 79 қоян ұстаған. Ал Алматы облысының Шамалған станциясында тұратын Атабергенов Естай деген стахановшы аңшы 1938 жылдың ІV тоқсанында, яғни небәрі үш ай ішінде екі тазы, бір бүркітпен 115 түлкі, 3 қасқыр, 4 борсық ұстаған. Өкінішке орай Ұлы Отан соғысы кезінде мылтық ұстауға жараған ер азамат түгел майданға аттанып, аңшылар мекемелері жаппай жабылғанда “Каззаготпушнина” біржолата жұмысын тоқтатқан. Осылайша ғасыр соңында тазылар мүлде құрып бітудің аз-ақ алдында қалса, кейінгі 5-6 жыл ішінде ғана халқымызбен бірге жасасып келе жатқан осы бір текті ит тұқымы қайта өсе бастады. Мамандар есебі бойынша олардың қазіргі Қазақстандағы саны 500-ге жуықтап қалды. 
Енді бүгінгі қазақ тазысының стандарттары қандай? Қазақ тазысы әлемдік, еуропалық, тіпті россиялық классификация-реестрде жоқ. Сондықтан оны әуелі россиялық, сосын әлемдік реестрге енгізу керек. Бұл үшін таза қанды тазылардың әлі 2-3 буынын өсіру шарт. Егер тазылар шамамен 2 жасқа толғанда ғана үйге түсетін болса, бір тұқымнан өскен тазы 6 жылда үш буынды дүниеге әкеледі. Оның әкесі, енесі туралы төлқұжат деректері толтырылып, тиісті тіркеуден өткізілуі тиіс. Бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде және жақын арада нәтижесін беріп қалады деп үміттенемін. 
Қазақ тазыларының стандарттық сипаттамалары төмендегідей: басы – тықыр жүнді, жіңішке, тұмсығы – сүйір, көбінесе қара түсті; ақ, сары тазылардың тұмсығы қоңырқай, кеңсірігі сәл дөңестеу; көзі – үлкен, көбінесе қара түсті (кейде қоңырқай), қиығы тым қысыңқы емес сопақтау; құлағы – шашақты, ұзындығы 6-8 см, салбыраңқы (шамамен 12-14 см); мойны – салюкиден сәл қысқалау, бірақ берік; жауырыны – жалпақ, бұлшық еттері шымыр; кеудесі – кеуделі, кеуде еттері берік жетілген; алдыңғы аяқтары – ұзын сіңірлі, тырнақтары өткір, саусақтарының ортасына үлпілдек жүн өскен, жіңішке аяқтың табаны әдеттегіден жалпақтау; арқасы – түзу, кеуде тұсы жалпақ, құйрық жағы сәл дөңестеу; қарны – жіңішке, қабысыңқы, артқы аяқтары – сәл артқа шалқақтау орналасқан, жамбас еттері шымыр, мықты тазыларда білеуленіп тұрады; құйрығы – жіңішке, қылыштың жүзіндей сәл қайқылау, шашақты. Тазының жүні тықыр болғанымен құлағы мен құйрығының шашағы жібектей үлпілдек. Түсі көбінесе ақ, қара, сарғыш, қызылқоңыр болып келеді, алабажақ, теңбіл түстері кездеспейді. Қазақ тазысының биіктігі: арланында – 65-70 см (салюки мен ауған тазыларынан сәл ғана 2-5 см аласалау), салмағы – 20-25 келіге дейін жетеді (салмағы екі пұтқа дейін жететін арлан тазылар сирек те болса кездесіп қалады). 
Қазақ тазыларымен салыстырғанда Қырым, Кавказ, түрікмен тазыларының тұрқы қысқалау (5-6 см шамасында), салмағы да 4-5 келіге дейін жеңілдеу болып келеді. 
Енді тазы нені және қалай аулайды деген сұрақтарға келейік. Менде әзірге төрт тазы бар. Тұйғын менікі, үш күшігім – Айжан, Дидар, Сұлтанда – Лашын, Ұшар, Аққоян атты үш тазы бар. Төртеуі де Алматы облысының Нұра ауылындағы атақты аңшы атамыз Әбен ақсақалдың қолында. Аты біздікі дегенмен, бүкіл бағым-қағымы Әбекеңдікі. Әбекең – Қазақстандағы ең мәшһүр бүркітшілердің бірі. 
Тұйғын мен Аққоянның түлкі, қоян ұстағанын көрдім. 
Ұшқыр тазы сағатына 80 км жылдамдықпен жүгіреді, ал үлпілдек жүнді ауған тазысы жазықта жүніне шөп-шалам жабысып көсіліп шаба алмайды, сондықтан мұндай жылдамдыққа тек салюки мен тазы ғана жете алады. Кейінгі кезеңдерде тек спорттық бағытта шығарылған ағылшын грейхаунды арнайы ит стадионында тазыдан 5 км шамасы артық жылдамдықпен жүгіргенімен, алысқа көсіле алмайды және табиғи ортада жүгіруге дағдыланбаған. 
Тазы әр түрлі аңды түрліше тәсілмен аулайды. Кәнігі тазы түлкіні мойнынан алып, әп-сәтте бұрап тастайды, кейде ыңғайына қарай тұмсығынан, құлағынан, тіпті жонынан алатын кезі де болады. Бірақ мұны алаңғасар, тәжірибесіз тазылар жасайды. Қоянды көбінесе қуып жетіп, кез келген жерінен қарпиды. 
Тазының сырттандары қасқырды да алады. Әбекеңнің айтуынша тазы қасқырды түлкіні ұстағаннан мүлде басқа тәсілмен алады екен. Тазы қасқырды қуып жеткен бойда бірден бас салмай қайта-қайта шабынан тартып, ызаландырып, иесінің жақындауын күтеді. Иесі жақындағанда алды-артына қарауға мұршасы келмеуге айналған қасқырдың алқымынан не желкесінен ала түсіп, ұмар-жұмар арпалыса кететін көрінеді. Мұндайда иесі дер кезінде көмекке келмесе, құдды “сырттандар” туралы ертегідегідей, қасқыр тазыны жазым етуі әбден мүмкін, бірақ тәжірибелі аңшы дереу аттан түсіп, аш бөріні сапысымен жайратып салады. 
Өте алғыр тазылар қарақұйрықты да қуып жетіп шабынан алады дегенді талай естідік. Ал таутеке, тауешкі, қабандарды өздері ұстамаса да иелеріне қолайлы тұсқа “қайыратын” аңшы тазылар да аз емес. 
Міне, қадым замандардан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан жеті қазынамыздың бірі – қазақ тазысының арғы-бергі тарихына қатысты хикаяттың ұзын-ырғасы осындай. 
Шүкір, кейінгі жылдары халқымыздың әл-ауқаты артты. Отардағы қой, табындағы сиыр, үйірдегі жылқы саны да барған сайын арта түсуде. Ауыл адамы бір кездердегі адал досы, қырағы күзетшісі, алғыр аңшысы тау төбеттер мен текті тазыларды іздейтін болды. Олардың ауыл-ауылдағы қарасы да көбейе түсуде. 
Жаңа заманның әкелген тағы бір жаңалығы - қаладағы қазақтардың да итке әуестігі арта түсті. Бір-екі баламен шектелуді дағдыға айналдырған қала адамы үшін ит әншейін әуестік немесе еріккендегі ермек, тіпті пәтер күзетшісі ғана емес, сол аз баланың алданышы да болып үлгерді. Жалпы жан-жануарға үйірсек баланың жан-дүниесі сезімтал, сергек болып өседі. 
Бір кездерде Алматы көшелерінде дәл бір Чеховтың кітабынан шыға келгендей ит жетектеген орыс келіншектері көптеп жүруші еді. Бүгінде олардың орнын, Мөңке би айтқандай, “дүдәмәлдау діні бар, алашұбар тілі бар” қазақ келіншектері басты. Сол ит жетектегендердің қолынан неміс, ағылшын, голланд, француз, финн, қытай, жапон, тибет, қойшы әйтеуір, тіпті эскимос итіне дейін көрдім, бірақ тазы жоқ. Кейде ойлаймын, сол міскіндер европа итін жетектеу арқылы өзін европалық мәдениеттің биігінде келе жатқандай сезінетін болса керек. Бар білгені сол болса, ол шіркіндерді сөгу де қиын-ақ. 
Ит – адамның досы, сенімді серігі. Ендеше ит асырайық, бірақ біз асыраған ит екеш итіміз де қазақтың иті болса екен деген тілек айтқым келеді ағайынға. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыздың бабаларымен бірге жасасқан, үстіне қылау түсірмейтін, тектінің тектісі тазы тұрғанда өзге итті табалдырығымыздан аттатып қайтеміз. 
Алматының қақ ортасында қанатты барыс мініп, қолына қыран құсын қондырған тәуелсіздігіміздің символы - Алтын Адам бейнеленген. Соның жанынан өткенде түбі бізбен тамырлас көне инктердің мына бір аңызы есіме түседі... 
“Ұлы жаратушы Негайчо дүниені жарату үшін сапарға шыққанда бүкіл жан-жануар атаулыдан жалғыз итті ғана ертіп шығыпты...” Мен үшін Жаратушы ерткен сол жалғыз ит тазы сияқты көрінеді де тұрады. 
Тәуелсіздігіміздің символы Алтын Адамның ерткен иті жоқ, егер ерте қалса оның тазы болатындығына менің еш күмәнім жоқ.