3 дек. 2009 г.

Ұшында құрығымның Ай ілініп...

   
  Мұрат Шаймаран

Ұшында құрығымның Ай ілініп...

Қаңтар бұл–қанжар жүзді қатал уақыт,
Қабырғаңа сараяз жатар батып.
...мен ылғи бесті мініп қырға шығам,
Сауырының көбігін отаулатып.

Әлдебір зарық басар күйге елеңдеп,
Жазармын жүрегімді күйген емдеп.
Меңдей боп меңреу түзде баратамын,
Қолымда бұзаутісім ирелеңдеп.

О, дала, ұлың едім жолыңды ұғар,
Баябан байтағыңа жаным құмар.
Тек мені түсінеді борасындар,
Тек мені түсінеді тобылғылар.

Жаныма жамылшысын жапқанда ойлар,
Әр жырым нысана іздеп оқпанда ойнар.
Тек мені түсінеді қар астында
Бұрқырап буы шығып аққан қайнар.

Арман-ай, аласұрып алға самғар,
Сағындым, қайдасыңдар, арда асаулар?!  
Тек мені түсінеді қараша ұйлер,
Алдымнан қарсы шапқан бөрбасарлар...

«Ей, Ата, малың аман, жұртың аман?!»
Жан едім етегін жел жұлқылаған.
Болсада барымтасы,
Қарымтасы, 
Бәрібір, сәурік мініп жылқы бағам.

Жалшы–өмір,
Жадау көңіл жайымды ұмыт–
Қалдырам келер күнге қайырлы ғып.
Тұрамын ұзақ таңға жал басында,
Ұшында құрығымның Ай ілініп...

Комментариев нет:

Отправить комментарий