5 дек. 2009 г.

Жалғыздық

Елсіз иен жапанда жалғыз өзім қалыппын. Жападан жалғыз. Бәлкім олай емес те шығар. Жан жағыма байыздап қарағым келді. Жоқ қарай алмадым, көзім тарс жұмулы екен. Қанша тырбансам да жанарымды ашуға шамам жетер емес. Сосын ойыма кімді іздеймін деген сауал келді. Шынымен мен кімді іздеймін. Кімді іздеуім керек?! Ата-анамды шығар... Несіне? Олардың да өз әке-шешелері бар, солармен бірге шығар... Ал, менің балаларым ше... Иә өз балаларымды іздеуім керек! Бұл жолы үстіңгі қабағымның терісін сыпырып тастауға дәс қалдым... деседе жанарым ашылмады... Жоқ менің жанарым ашық шығар. Бәлкім мен көру қабілетінен айрылған шығармын... Тағы талпындым... Еш өнім жоқ... Мен тағы ойландым. Несіне жанталасам... Менің балаларымда өз балаларына кеткен шығар... Олардың балалары бар ғой. Жоқ оларды мазаламайын. Тоқтап дем алғым келді. Жоқ тоқтауға болмайды екен. Неге екенін қайдам тек алдыға ғана тоқтаусыз жүгіре беруге міндетті екенмін. Бұл неғылған қағида деп ашуландым. Осы қағыиданың тас-талқанын шығармақ болып ақыры жер табандап тұрып алдым. Енді жанарым ашылғандай болды... Маңайымнан сан милиондаған таныс және бейтаныс адамдар алға қарай жан ұшырып кетіп барады екен... Әлде бір тылсым күш алқымымнан езіп алға қарай сүйрелейді... Мен өзімді бек қайсар һам қажырлы адам есептейтінмін. Қарысып бақтым... Енді көзіме соңымнан маған қарай жүгіріп келе жатқан балам көрінді... Қуанып кеттім. Әлгіндегі тамағымды езген жойқын күштің зұлматын сезінбей де қалдым. Маңдайынан сүйіп, құшағыма қыспаққа балама қарай тұра жүгірдім. Иә, не болған ұлым менен кері бажылдап қашып бара жатыр. Олда мен сықылды жалғыздықтан жабығып, адам танымай қалған шығар. Ақыры қуып жетіп иығынан жұлқа тартып өзіме қараттым. Масқара балам деп қуып келгенім өзім екенмін... Иә өзім... Тура осы киім, осы сумкамен алғаш мектепке барғанмын. Қолым еріксіз босап кетті. Менің бала бейнем анадайға барып маған қарап жымыип қойды. Ұлым екен деп алданғаныма ашуым келді. Түңғыш рет өзімнің балалығымды барынша жек көрдім. Оған қарамай алдыға қарай тұра жүгірдім... қаншалықты жүгіргенімді білмеймін әйтеуір бір кезде қаптаған қалың нөпірдің ішінде әкем кетіп барады екен. Бейшара шал қартайыпты... маңдайы жерге тиердей белі бүкірейген, таяққа сүйеніп әзер кетіп барады. Қолтығынан демегім келді. Қуып жетіп енді қолтығынан ала берегенімде ол маған жалт қарады. Баж ете қалдым. Әкем деп жетіп келгенім менің қарттығым екен. Бет аузымның алжа-алжасы шығып, маңдайымдағы әжімдердің тереңдігіне көз жетпейтін із қалдырып таяққа таянып қалт-құлт етіп әзер кетіп барады екем...
Бала бейнеме қайтқым келді... Бірақ ол менен қашады.
Қарт бейнемнің қасында қалғанға өзімнің дәтім жетер емес.
Мен көзімді тарс жұмып алып алға қарай қаптаған қалың нөпердің ішінде жападан жалғыз сызып келе жатырмын...

1 комментарий:

М.Әуелхан комментирует...

Авторы: Қ.Мүбарак

Отправить комментарий