3 дек. 2009 г.

"Тазының өмірі"-Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

 Тазының өмірі

 Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД



 


Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед
  1960 жылы 12 желтоқсанда ҚХР Шәуешек қаласында дүниеге келді. Қазақ. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заң ғылымдарының докторы, профессор. 100 – ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді.
  Ғылыми қызметінің негізгі бағыты: мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы.1982-1992 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакциясында ғылыми редактор, аға ғылыми редактор, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы - бас директордың орынбасары.
  1992-1999 жылдар аралығында шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті.1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.2001-2003 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.2007-2008 жылдары Қызылорда облысының әкімі.2008 жылғы 12 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі.
  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996 ж.).«Құрмет» орденымен марапатталды (2004 ж.).


 Журналистердің көп қоятын сұрақтарының бірі: “Қандай хоббиіңіз бар?”. Орыс тіліне әлдеқашан тастай батып, судай сіңіп кеткен бұл сөздің төркіні ағылшын тілінде жатыр, оның қазақша ең жақын мағынасы “әуестік” болар деймін... Менің үш әуестігім бар: бірі – ит, екіншісі – құс, үшіншісі – ат. Кейінгі екеуі туралы тағы бір реті келгенде жаза жатармын. Бүгінгі әңгіме тақырыбы – ит. Ит болғанда жалпы барақ атаулы әңгіме емес, ит төресі тазы туралы баян. 
Қазақта “ит – жеті қазынаның бірі” деген аталы сөз бар. Бұл өзі тым ертеде дүниеге келген мәтел сияқты, себебі осы тектес тіркестер аңшылықты кәсіп еткен көптеген халықтарда кездеседі. 
Қазақ, сондай-ақ, баласын еркелеткенде де “ботам”, “қозым”, “құлыным”, “күшігім” дейді. Байқайсыз ба, бұлардың ішінде зеңгі баба мен шекшек ата төлі аталмайды, сөйте тұра “иттей болды”, “ит қорлық” “ит мінез”, “ит өмір”, “иттей ырылдасу”, “итін шығару” деп “өмірдегі барлық сәтсіздіктерді” ит жазғанның басына үйіп-төгеді. “Күшігім” десе еркелеп мойныңа асылуға әзір ағайынға “итім” деген сөзді абайламай айта қалсаң, қолы жағаңда кетері анық. Шамасы, итке байланысты итшілеу тіркестер оның бақырауық барақтар мен қыңсылаған қандендер сияқты тексіздеу тұқымдарына қатысты айтылса керек. Әйтпесе сөздің парқын бажайлай алатын нағыз қазақ “жігіттің сұлтанынан” “жігіттің сырттанын” жоғары қойған. Осындайда есіме бала кезде естіген “Сырттандар” атты жартылай хайуанаттар, жартылай мифологиялық сипаттағы ертегі түседі. Жалпы әлем халықтары фольклорында бірінен бірі айнымайтын егіз қозыдай ертегілер көп-ақ, бірақ дәл осындай қайталанбас қуатты ертегіні еш халықтың ауыз әдебиетінен оқымаппын. Оның серпінді сюжеті былайша өрбиді (мен құлағыма құйып өскен нұсқа “Қазақ ертегілерінде” басылған нұсқадан сәл басқашалау). 
Баяғыда бір байдың әулие-әмбиелерге жалбарынып жүріп тілеп алған жалғыз ұлы болыпты. Тумысынан ақылы мен көркі, күші мен қайраты ерекше жаратылған әлгі бала алтыға толмай бір түс көреді. Түсінде есік пен төрдей көкжал қасқыр баланы жеуге келе жатады. Күн сайын қайталанып, жалғыз ұлын күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырған бұл түсті бай атақты сәуегейге жорытқанда ол: “мұнда қала берсе бұл қасқыр түбі балаңды жемей қоймасы анық. Қашып құтылмаса - жаны қалу-қалмауы екіталай”, - деген жорамал айтады. Сөйтіп әкесі балаға қуса жетіп, қашса құтылатын сәйгүлік іздеп жылқыға келеді. Сонда жылқышы: “Көп жылқының ішінде жабағы жүні түспеген бір кербесті бар. Көзге қораш болса да, аз оттап, көп жусайды және түнде тұяғынан от шашады. Сені құтқарса сол ғана құтқарар”, - деп балаға кербестіні ерттеп, ақ батамен аттандырып салады. Кербесті жарықтық шапқан сайын бауырынан жарап, ауылдан ұзай береді. Бірақ тұлпар шіркін құстай ұшса да алыстан көрінген көкжалдың әуелі сұлбасы, кейін арсылдаған дауысы жақындай түседі. Ара қашықтық құйрық тістер жерге қысқарғанда алыстан “маңқ” еткен иттің дауысы естіледі. Осындайда сілекейі шұбырған бөрі селк ете түсіп, сәл тоқтайды да, бала біршама ұзап кетеді және бұл оқиға сан мәрте қайталанады. Көп ұзамай бала алыстан көзге шалынған ақ боз үйге өлдім-талдым дегенде әрең жетіп жығылады. Әбден қалжыраған баланы үйге түсірген отағасы оған қасқырдың жайын баян етеді: “сені қуған жай қасқыр емес, қасқырдың сырттаны еді, ал сені алып қашқан кербесті туғаннан бері осы шабысқа өзін жаратып жүрген жылқының сырттаны болатын, саған жақындап, ауыз сала бергенде үрген есік алдындағы қараауыз тазы - иттің сырттаны. Ал сен жігіттің сырттаны болуға туған бала едің. Сондықтан қасқырдың сырттаны сені жеуге асықты, ал жылқы мен иттің сырттаны сені құтқаруға тырысты. Ер жеткен соң өзің де алдырмас едің, мұны білген қасқырдың сырттаны сені бала күніңде құртпақ. Егер ол сені жесе бүкіл адам баласына қасқыр қожалық ететін болады. Сен бала сырттан болсаң да ит пен жылқының сырттаны көмекке келгендіктен енді ешкімге алдырмайсың. Сондықтан аңдысқан жау қапыда алмай тұрғанда ертең ашық айқасқа шығасыңдар”, - дейді. 
Сөйтіп ертеңінде болған алапат айқаста ит пен қасқырдың сырттаны бірін бірі ала алмай мерт болып, адам мен жылқының сырттаны аман қалады. Содан бері ит пен қасқырдың ашық айқасында бірде ит, бірде қасқыр жеңеді екен де, адам атаулы қасқырдан басым түсетін болыпты деп аяқталады осы бір ғажайып ертегі (бұл ертегінің адамның сырттаны қараауыз тазының иесі екен деп келетін нұсқасы да бар, меніңше, бұл қисынға келе бермейтін сияқты. Жігіттің сырттанын былай қойып, аңшылықты кәсіп еткен екі адамның біреуі көкжалдың қандайын болмасын сойылмен-ақ соғып алмаушы ма еді). 
Бала кезден санада жатталып қалған осы ертегіде көп шындық бар. 
Себебі ит пен қасқырдың атасы бір. Бағзы замандардағы ит – қолға үйретілген қасқыр. 
Ит туралы әлемнің ондаған тілдеріне аударылған танымал кітаптардың авторы Эстер Верхайф-Верхалленнің зерттеулері бойынша алғашқы қасқыр осыдан 10-15 мың жыл шамасы бұрын қолға үйретілгенге ұқсайды. Бір кездері ғалымдар сыртқы түр-тұлғасына қарап “ит атасы – қасқыр” деген болжам жасаса, кейін түрлі селекциялық жолмен алынған салмағы 70 келіге дейін тартатын дат догынан бастап, 700 грамнан аспайтын инктердің чихуахуасына дейінгі алуан түрлі иттер сұрыпталғанда бұл болжамға күмән келтірушілер де болды. Әсіресе кейінгі жылдары нақты генетикалық зерттеулер мен салыстырмалы талдаулар нәтижесінде иттің тегі қасқыр екендігі бұлтартпас айғақтармен дәлелденді. 
Ит адамға үйірсек. Тіпті иесімен бірге өмір сүріп, иесі өлгенде оның зиратының басында жатып нәр сызбастан аштан өлген иттер туралы ел арасында аңыздар аз емес. Өзге жабайы хайуандар ішінде цирктік дрессураға көнбейтін жыртқыштардың жалғызы қасқыр болса да (арыстан, жолбарыс, аюға дейін циркте дөңгелене билетсе де, қасқырды үйреткен әлі ешкім жоқ), күшік кезінен асыраса қолға үйретуге қолайлысы осы қасқыр екені және белгілі. Қасқырды қанша жыртқыш десек те қорғансыз қалған талай “мауглиді” қасқыр асырағанын қалай ұмытуға болады. Екіншіден, қасқыр да ит сияқты жалғыз-жарым тірліктен гөрі, үйір-үйірімен жүргенді ұнатады. Иесіз қалған иттің ұлитыны осы жалғыздықты көтере алмаудан. Үшіншіден, кейбір ит тұқымдарының түр-тұлғасының ұқсастығы (мысалы, неміс овчаркасы) қасқырдан айнымайды. Төртіншіден, қасқыр мен иттің ұйығуынан әлі күнге дейін иттің жаңа тұқымы шығарылуда. Қиыр солтүстік тұрғындары эскимостар хаски, маламут атты ит тұқымдарын осы күнге дейін солтүстіктегі қасқырлармен ұйықтырып, жиі-жиі тұқымын асылдандырып отырады. Голландтық зоолог Леендерт Саарлос неміс овчаркасын қасқырмен ұйықтыру нәтижесінде волфхонд атты қолға тез үйренгіш, тұқым қуалайтын ит ауруларынан ада, бала-шағаға үйірсек жаңа тұқым алды. Дүние жүзі кинологиясының ассоциациясы 1975 жылы осы волфхондты дербес ит тұқымы ретінде тіркеуден өткізді. 
Қасқырдың қазақтар үшін, қазақ қана емес жалпы түркілер үшін ерекше тотемдік мәні де бар. Түркі халықтары өзінің шығу тегін қасқырдан таратады. Сондықтан қасқырдың бедер-бейнесі - қылыш, қалқан, сауыт, сақинадан бастап, туға дейін көрініс тапқан. “Бөрілі менің байрағым” сөзінің төркіні де осыдан шыққан. Бұл арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып болғандықтан оны осымен тәмәмдап, тазы тарихына оралайық. 
Ұлыбританияда ит атаулыны алты, ал АҚШ-та жеті топқа бөледі. Алғашқысы - хаундтар (аңшы иттері – тазылар осы топта), спорттық иттер, теръерлер (тұрқы, аяғы қысқа иттер), қолбала (пользовательные) иттер, қызметтік иттер, декоративті иттер. 
Тазы атаулының бәрі хаундтар, яғни аңшы иттер тобына жатады. Ағылшынның грейхаундтарынан бастап, ауған тазысы, арабтың салюкиі мен слуггиі, орыстың сабалақ жүнді тазысына (русская псовая борзая) дейінгілер түгел осы топта. 
Менің дүниенің әр түкпірін аралап жүріп, тұлға-тұрқы қазақтың тазысына ұқсаған ит көрсем елеңдеп, суретке түсіріп, жоғалтқан жоғымды түгендегендей болып жүремін. Сол деректерді саралап көрсем тықыр жүнді тазылардың атасы бұдан 5-6 мың жыл бұрын қолға үйретіліп, перғауындар заманында дербес ит тұқымы ретінде өсірілген перғауын иттері (фараонова собака) сияқты көрінеді (№1 сурет, Анубис бейнесінде перғауын иті). 
Біздің дәуірімізге дейінгі 1350 жылдары өмір сүрген әйгілі Тутанхамонның қабірінен табылған заттар ішінде ажал құдайы Анубис бейнесінде осы қара түсті перғауын иті бейнеленген. Бір ғажабы тазы иттің осы тұқымы Солтүстік Африка мен Мальта аралында күні бүгінге дейін дәл осындай күйінде сақталған (оның перғауын итінен құлағы сәл кішірек және құйрығы жіңішкерек). Осы күнгі перғауын итінің ұзындығы 50-55 см, салмағы – 20-25 келі. Құлағы тік және шашағы жоқ демесең қазақ тазысынан еш айырымы бар деп айту қиын (№2 сурет. Осы күнгі перғауын иті). 
Перғауын итінің жалпы тазы атаулының арғы атасы демесең, таза қазақы тазының тұқымы араб, парсы жұртының салюки атты ит тұқымынан бастау алады. Салюки мен қазақ тазысының арасында бүгінде де еш айырым жоқ десе де болғандай. Мен өзім Мысыр, Сауд Арабиясы, Катар сияқты араб елдерінде болғанда осы бір ит төресін талай рет көрдім. Бойы 70-72 см, салмағы 25-27 келі шамасындағы салюкиді сәл биіктеу, сәл ұзындау демесең айна қатесіз тазы дерсіз (№3 сурет. Салюки). 
Бұл иттің де қолға үйретілгеніне 4000 жылдан астам уақыт өтсе керек. Әуелі Араб түбегінен шыққан салюки, кейін Таяу Шығыс, Парсы жұрты арқылы Азияға тараған сияқты. 
Американдық зерттеуші Д.Тейлордың айтуынша иттің атауы Араб түбегіндегі бүгінде құм жұтқан Салюк қаласының атынан шыққан. Иран еліндегі археологиялық қазбалар кезінде біздің заманымызға дейінгі 4200 жыл шамасы бұрынғы көне парсы көзелерінде осы салюкиге ұқсас иттердің бейнелері табылған. Солтүстік Ирактың Мосул қаласының маңында Ғаура-төбе деген жерден табылған көне мөрде салюкиге ұқсас иттердің таутекелерге аңшылығы бейнеленген. Мөрдің жасы - археологтардың пайымдауынша – 5000 жыл. Әуелгіде көне Ассирияға қараған бұл өңірде кейін әйгілі Шумер мемлекеті орнаған. Демек шумер бекзадалары да салюкиді аңға салып, қызығын талай көрген. 
Біздің заманымызға дейінгі 430-350 жылдарда өмір сүрген көне грек тарихшысы Ксенофонт Арабия туралы жазбаларында түр-тұлғасы салюкиге өте жақын тазылар туралы тамсана жазған. 
Арабтар ерекше сұлулығы мен ерен жүйріктігі үшін салюкилерді құмды өлкенің киіктері деп атаған. Арабтар ешуақытта салюкилерді сатпаған: сыйлаған немесе жақын-жуықтарына тегін берген. Ислам дінінің таралуымен мұсылмандар салюкиді Алланың ерекше сыйы ретінде бағалаған. Көшпелі араб ақындары ішінде салюкилерді жырға қоспағандары кемде кем. Салюки бүгінде Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы Біріккен Араб Әмірлігі, Катар, Оман, Бахрейн сияқты елдерде көп тараған. Катар еліне барғанда джиппен құмдағы сафариге шыққан ауқатты арабтардың салюкилерді ерте шыққанын Қазақстаннан барған бір топ азаматтармен бірге өз көзіммен көрдім. Арабтар әлі күнге дейін салюкимен аңға, әсіресе киік аулауға шығады екен. Ағылшын тіліндегі әдебиеттерде иттің бұл тұқымын парсы грейхаунды деп атағанымен дүниежүзілік классификацияға кейінгі жылдары тек салюки деген атаумен енді. Осыдан шамамен 4000-3000 жыл шамасы бұрын салюкидің тұқымы Таяу Шығыс, Парсы жұрты арқылы Ауған жеріне де жеткен сияқты. Осы күнгі аты аңызға айналған сабалақ деуге келмейтін, жібектей төгілген үлпілдек жүнді ауған тазысының да арғы атасы осы салюки болса керек. 
Мен ауған тазысының тарихына үңілмес бұрын бұл иттің үлпілдек жүнді (сабалақ деуге ауыз бармайды) бір ғана тұқымы бар деп ойлаушы едім. Шындығында жағдай мүлде басқаша болып шықты. 
Бірінші байқағаным: иттің аты ағылшын тілінде - ауған хаунды, орыс тілінде афганская борзая деп аталғанымен оның ауған тілдеріндегі атауы “тазы” болып шықты. Екінші аңғарғаным: ауған тазысының тұқымы екі түрлі: далалық тықыр жүнді және таулық үлпілдек жүнді болады екен. 
Ауған тазысының тарихын індетіп жүріп қолыма американдық О.Констанс және М.Э.Гилберт деген авторлардың “Ауған хаунды” атты тамаша кітабы түсті. Олар өз кітабында Ауғанстанда иттің бұл тұқымын тек “тазы” деген ортақ атаумен ғана атайтынын және елдің жазық жерлері мен оңтүстік өлкелерінде салюкиден айнымайтын тықыр жүнді түрі тарағанын, ал үлпілдек жүнді түрі елдің суықтау солтүстік өлкесінде ғана ұсталатынын келтіреді. Осы кітапта 1962 жылы шыққан почта маркасының суреті берілген, ауған тазысы бейнеленген оның астында осы жылдың хиджраша 1341 жыл екені көрсетіліп, араб қарпымен “тазы” деген сөз жазылған. Міне, қазақ тазысының ең жақын атасы әлем кинологтары дүниедегі ең бекзат ит тұқымы деп бағалаған осы ауған тазысы болуы бек мүмкін. 
Ауған ғалымдары тазының өзі туралы талай еңбектер жазғанымен, шығу тарихына келгенде көп сүріне береді. Осы орайда американдық ғалым Джексон Сэнфордтың мына бір деректеріне назар аудара кеткен жөн сияқты. 
1942 жылы бұл американдық ауған тазысының тарихы туралы арнайы зерттеу еңбегін жариялайды. Онда автор қытай жылнама деректеріне сүйене отырып, шамамен біздің заманымызға дейінгі 126-жылы Орталық Азияға иттің бұл тұқымын хунндардан батысқа қарай Алтай тауларында орналасқан өздерін өзі “юэчжи” деп атайтын көшпелі тайпа әкелген деген деректі келтіреді. “Юэчжилер үйір-үйір жылқы бағып, жылқы сүтін сусын ретінде ішкен. Сол көп жылқыны үлкендігі тайдай, қара түсті сабалақ иттер күзеткен. Бұл иттің қаһарына қарсы тұрар хайуан жоқ”, - деп қытай жылнамашысы юэчжи иттері туралы тамсана жазған. 
Дж. Сэнфорд келтірген қытай жылнамасындағы иттің сипаты тазыдан гөрі қазақтың төбетіне келеді. Қазақтың деп отырғаным: біріншіден, әңгіме көшпелі тайпа туралы болып отыр; екіншіден, юэчжилер хунндардың батысындағы Алтайда – яғни бүгінгі қазақ жерінде орналасқан; үшіншіден, қазақтар сияқты жылқы бағып, қымыз ішкен; төртіншіден, қытай жылнамаларындағы “юэчжи” деген тайпа – біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта Алтай мен Алатау арасын мекендеген прототүріктік үйсін тайпасы. 
Бірақ ақиқат үшін мойындау керек, Дж. Сэнфорд келтірген жылнамадағы иттің сипаты сүйріктей сұлу тазыдан гөрі бүгінде тұқым ретінде құрып бітуге арналған тайыншадай қазақ төбеттеріне көбірек келіңкірейді. Сондықтан бұл тақырыптың басын әзірге ашық қалдырып, ауған тазысына қайтып оралайық. 
Ұзақ уақыт бойы “тазы” сөзінің этимологиясы жұмбақ болып келді, бірақ зерттеушілер оны парсы тілінен шыққан деп есептейді. 
Шындығында парсы тілінің диалектісі болып табылатын пушту, дари тілдеріне “тазы” атауы да көне парсыдан келгенге ұқсайды. Парсы тілі мамандарының айтуынша Фирдоусидің әйгілі “Шахнамасында” патшалар аңшылыққа ұстаған иттің атын “Саг-и тази”, яғни “араб тазысы” деп атаған. Тазы сөзінің ауған тілдерінде бірнеше баламасы бар: таза, алғыр, жүйрік. Әрине, мен оқырманды діңкелетпей “тазы” қазақтың “таза” сөзінен шыққан дей салуыма болады-ақ, бірақ бұл жадағай пікір өз қазағымызды оңай иландырғанымен, өзгені бірден сендіре қоймас. Осы оймен “тазы” сөзінің этимологиясына тағы да тереңдей түссем деймін. 
Ауған тазысын американдықтардан артық зерттеген ешкім жоқ шығар, сірә. Солардың бірі Смитсон институтының докторы Ван Бик “тазы” сөзі Йемендегі “Таиз” қаласының атынан шыққан деген пікірді көлденең тартады. Таиз портты қала болған, олар теңіз жолымен саудаға араб арғымақтарымен бірге тазы иттерді де алып шыққан. Сондықтан таиздық иттердің атауы әуелгіде “таиз-и”, кейіннен ықшамдалып “тази” болып кеткен деген тұжырымға келеді. 
Меніңше, бұл қисынға келіңкіремейтін сияқты. Дұрысы “тазы” көне парсы сөзінен шығып, түркі, ауған тілдеріне сіңген. Ал тазының пайда болу эволюциясы: перғауын иті – салюки – парсы тазысы – ауған және қазақ тазысы жолымен жүрген сияқты. 
Бүгінде ит атаулымен әуестенушілер ішінде ауған тазысын білмейтіндер кемде кем. Дэвид Тейлордың деректері бойынша ол алғаш рет 1886 жылы Ұлыбританияға, ал 1926 жылы АҚШ-қа әкелініп, аз ғана уақыт ішінде өз даңқына сәйкес талай үйдің төрінен орын алған. Бұл асырып айтқандық емес, тазы атаулы үйшіктен гөрі иесімен бірге үйде тұруды қалаған. Оның бұл қасиетін жақсы түсінген иелері тазыны көбінесе үйінде ұстаған. Бір –ақ “әттегенайы” - иттің бұл тұқымы әлемдік классификаторға ауған тазысы деген транскрипциямен емес, “ауған хаунды”деген атпен кіріп, бүкіл дүние жүзіне осындай лақаппен таралып кетті. 
Меніңше, қазақ тазысының атасы – салюки, ағайыны – ауған тазысы, оның ішінде үлпілдек жүндісі емес, тықыры немесе далалық ауған тазысы сияқты көрінеді. Оқырманға таулық және далалық ауған тазысының арасындағы айырым түсінікті болуы үшін американдық суретші Лукс Госснер 1964 жылы салған ауған тазысының екі түрінің де суретін келтіріп отырмыз (№4 сурет. Далалық және таулық ауған тазылары). Осы суреттен айқын аңғарылғандай, далалық ауған тазысының қазақ тазысынан айырмасы шамалы, тіпті мүлде жоқ десе де болғандай. Осымен ауған тазысы туралы әңгімені тәмәмдай келе оның жалпы әлемдік стандарттарына тоқтала кетейік: бойы – 70-74 см, жүні – тықыр және үлпілдек, мінезді, бірақ иесіне шексіз берілген, тамақты аз әрі талғап жейді, тұрағы – қай елде болса да үйшікте емес, иесімен бірге үйде тұрғанды ұнатады. 
Міне, тазылар тарихы ендігі ретте бізді - әрбір қазақ баласы кішкентайынан қызығып-құмартып өскен, аты аңызға айналған қазақ тазысына да алып келді. 
Менің алғаш көрген тазыларым сыныптас досым Жанболаттың әкесі, аты бүкіл Барқытбелге танымал аңшы Ахмер ақсақал асыраған әйгілі ұшпа құлақтар болатын. Ахаң сол тазыларымен талай түлкі, қасқыр алды. Әйтеуір Ахмер ақсақалдың аңшылығы жүріп тұрған заманда Мақаншы шалдарының жартысы түлкі тұмаққа жарып қалғаны анық. 
Әрине, менің бойымдағы жалпы ит-құсқа деген құмарлыққа Джек Лондонның әйгілі “Ақ азу”, “Қасқырдың ұлы” атты туындылары мен ұлы Мұхаңның (Мұхтар Әуезов) “Көксерегінің” әсері керемет болғанын айтып жеткізудің өзі артық. Бастауыш сыныпта жүрген кезде Мұхтар Мағауиннің “Ақша қар” атты жинағындағы “Тазының өлімі” атты повесін, ондағы Лашынның аянышты өлімі туралы хикаяны сыныптас балалар қолдан қолға түсірмей оқыдық. Әйтеуір сол жылы біздің ауылдағы төбеті, тазысы, дүрегейі бар жаңа туған талай күшіктің аты Лашын аталғаны және де рас. Кейін ит бейнесі Сафуан ағамыздың (Шаймерденов) “Ит ашуы” мен “Марғау” хикаясынан да көрініс тапты. Сәкен сері (Жүнісов) өзінің “Ақан серісінде” Басарала бейнесін келістіре-ақ суреттейді. 
Кейін орта мектепті бітіріп, ауылдан алыстаған соң көз алдымнан кете бастаған тазы бейнесі көңілден де кете бастады. Сөйтіп жүргенде осыдан шамасы 6-7 жыл бұрын К.Плахов деген орыс азаматының “қазақ тазысы құрып бітудің аз-ақ алдында” деген жанайқайын оқыдым. Оқыдым да жанұшыра әлдеқашан ұмытыла бастаған асылымды іздедім. 
Шындығында ауылдағы бірлі-жарым аңшылардың қолында (оның есебін алған адам жоқ), Алматыдағы К.Плахов, В.Бөлекбаев сияқты екі энтузиастың шағын питомнигінде болмаса, ғасырлар бойы талайларды таңқалдырумен келген осы бір текті итіміздің тұқымы құрып кетудің аз-ақ алдында қалған екен. Көп ұзамай мен Алма-Арасандағы Виктор досымның ит пен құстың бірнеше атасын бағатын питомнигіне ұл-қыздарыммен жиі баратын болдым. Ерекше қуанғаным - балаларымның ит-құсқа деген әуестігінің менен де асып түсетіндігі болды. Осылайша Виктордың әр тазысы күшіктеген сайын әуелі 50 доллардан басталған күшік бағасын біртіндеп 300 долларға жеткіздім. Ол қымбатқа сатқанына, мен тазы бағасының артқанына мәзбін. Тіпті “Дауыл” деген бір жастағы ақ арлан тазыны 1000 долларға сұрағанымда, ол өзіне тұқым үшін қалдырғанын сылтауратып бермеуге дейін барды. Қазақша бір ауыз сөз білмесе де, қазақ тазысының тұқымын көбейтуге барын салып жүрген осы азаматқа деген алғысым ерекше (айтпақшы, “Дауылдан” бір жас қана кіші менің “Тұйғыным” барлық параметрлері бойынша ағасын басып озып, тазы тұқымдастың 2002 жылғы чемпионы атанды). 
Сонымен қазақ тазысы қайдан шықты, қазақ даласына қашан келді? Бұл сұрақтарға жауап беру де оңай шаруа емес. 
Зерттеушілердің бір тобы тазы қазақ даласына ислам дінін таратуға келген араб жауынгерлерімен бірге келді деген версияны ұсынады. Долбармен айтылған тайыздау пікір сияқты. 
Тазы қазақ даласына сақ заманында парсы жұртынан келген деп шамалауға болады. Шамамен 2000-2500 жылдар бұрын болса керек. Кейбір тасқа қашалған петроглифтердегі тазыға ұқсас аңшы иттерінің бейнесіне қарап, бұдан да ертерек замандарда да болған ба деп болжам жасауға да болады. Әйтеуір тазының түп атасы арабтың салюкиі екені айдан анық. 
Салюкидің Орталық Азия мен Кавказға Таяу Шығыс пен Иран арқылы таралғанын жоғарыда таратып айттық. “Тазы” парсының “таза, алғыр, жүйрік” деген мағынадағы сөзінен шыққандығын да қайталаудың қажеті жоқ деп білемін. Бұларға қосымша айтарым: қазақ тазысы мен ауған тазысы Орталық Азияға парсы тазысымен бір дәуірде келіп, оны сақтар мен ауғандар жергілікті табиғи жағдайдың ерекшеліктеріне сай жетілдіріп, қолдан сұрыптап өткізгенге ұқсайды. Мұны ауған тазысының тықыр әрі үлпілдек болып келетін екі түрінің болатындығы дәлелдей түссе керек. Тазының жергілікті ортаға сай бейімделе сұрыпталғанының тағы бір дәлелі тазы тұқымы дәл осындай атаумен қазақтарда ғана емес, түрікмендер мен Кавказ халықтарында (негізінде солтүстіктегі ноғай, құмық түркілері арасында), Қырымда (қырым татарлары) және Ресей жерінде (қазақтар мекендеген аймақтарда) да кездесетіндігінен көрінеді. 
Сөзіміз нақты болу үшін 1932 жылы КСРО-да бекітілген “Аңшы-кәсіпшілік иттердің стандартында” тау тазылары (борзая горская) мен түрікмен тазыларының (борзая туркменская) стандарттық сипаттамалары берілгендігін атап өткен жөн. Тазы тұқымының Орталық Азия ғана емес, Қырым, Кавказда да кездесуін оның Таяу Шығыс пен Ираннан шыққандығын тағы бір қырынан дәлелдей түссе керек. 
Тазы – бай, мырзалардың аңшылық сауық-сайраны үшін ғана емес, көне замандардан ХХ ғасырдың орта шеніне дейін қоңыртөбел халықтың да кисе киімінің, ішсе тамағының кәдесіне жарап келген. 
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстан бойынша “Каззаготпушнина” атты аң терісін даярлайтын мекеме құрылып, онда тазы, бүркітпен аң аулау ісіне үлкен мән берілген екен. Осы мекеменің статистикалық деректері бойынша 1938 жылы Қазақстанда 4200 таза текті тазы есепке алынып, оның иелері бір жыл ішінде “Каззаготпушнинаға” 29400 дана түлкі өткізген. В.Слуцкий деген автордың деректері бойынша, Қызылорда облысы мен Ақтөбе облысының Табын ауданында 1938 жылы әр аңшы бір маусымда бір тазымен орта есеппен 16 түлкі, 79 қоян ұстаған. Ал Алматы облысының Шамалған станциясында тұратын Атабергенов Естай деген стахановшы аңшы 1938 жылдың ІV тоқсанында, яғни небәрі үш ай ішінде екі тазы, бір бүркітпен 115 түлкі, 3 қасқыр, 4 борсық ұстаған. Өкінішке орай Ұлы Отан соғысы кезінде мылтық ұстауға жараған ер азамат түгел майданға аттанып, аңшылар мекемелері жаппай жабылғанда “Каззаготпушнина” біржолата жұмысын тоқтатқан. Осылайша ғасыр соңында тазылар мүлде құрып бітудің аз-ақ алдында қалса, кейінгі 5-6 жыл ішінде ғана халқымызбен бірге жасасып келе жатқан осы бір текті ит тұқымы қайта өсе бастады. Мамандар есебі бойынша олардың қазіргі Қазақстандағы саны 500-ге жуықтап қалды. 
Енді бүгінгі қазақ тазысының стандарттары қандай? Қазақ тазысы әлемдік, еуропалық, тіпті россиялық классификация-реестрде жоқ. Сондықтан оны әуелі россиялық, сосын әлемдік реестрге енгізу керек. Бұл үшін таза қанды тазылардың әлі 2-3 буынын өсіру шарт. Егер тазылар шамамен 2 жасқа толғанда ғана үйге түсетін болса, бір тұқымнан өскен тазы 6 жылда үш буынды дүниеге әкеледі. Оның әкесі, енесі туралы төлқұжат деректері толтырылып, тиісті тіркеуден өткізілуі тиіс. Бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде және жақын арада нәтижесін беріп қалады деп үміттенемін. 
Қазақ тазыларының стандарттық сипаттамалары төмендегідей: басы – тықыр жүнді, жіңішке, тұмсығы – сүйір, көбінесе қара түсті; ақ, сары тазылардың тұмсығы қоңырқай, кеңсірігі сәл дөңестеу; көзі – үлкен, көбінесе қара түсті (кейде қоңырқай), қиығы тым қысыңқы емес сопақтау; құлағы – шашақты, ұзындығы 6-8 см, салбыраңқы (шамамен 12-14 см); мойны – салюкиден сәл қысқалау, бірақ берік; жауырыны – жалпақ, бұлшық еттері шымыр; кеудесі – кеуделі, кеуде еттері берік жетілген; алдыңғы аяқтары – ұзын сіңірлі, тырнақтары өткір, саусақтарының ортасына үлпілдек жүн өскен, жіңішке аяқтың табаны әдеттегіден жалпақтау; арқасы – түзу, кеуде тұсы жалпақ, құйрық жағы сәл дөңестеу; қарны – жіңішке, қабысыңқы, артқы аяқтары – сәл артқа шалқақтау орналасқан, жамбас еттері шымыр, мықты тазыларда білеуленіп тұрады; құйрығы – жіңішке, қылыштың жүзіндей сәл қайқылау, шашақты. Тазының жүні тықыр болғанымен құлағы мен құйрығының шашағы жібектей үлпілдек. Түсі көбінесе ақ, қара, сарғыш, қызылқоңыр болып келеді, алабажақ, теңбіл түстері кездеспейді. Қазақ тазысының биіктігі: арланында – 65-70 см (салюки мен ауған тазыларынан сәл ғана 2-5 см аласалау), салмағы – 20-25 келіге дейін жетеді (салмағы екі пұтқа дейін жететін арлан тазылар сирек те болса кездесіп қалады). 
Қазақ тазыларымен салыстырғанда Қырым, Кавказ, түрікмен тазыларының тұрқы қысқалау (5-6 см шамасында), салмағы да 4-5 келіге дейін жеңілдеу болып келеді. 
Енді тазы нені және қалай аулайды деген сұрақтарға келейік. Менде әзірге төрт тазы бар. Тұйғын менікі, үш күшігім – Айжан, Дидар, Сұлтанда – Лашын, Ұшар, Аққоян атты үш тазы бар. Төртеуі де Алматы облысының Нұра ауылындағы атақты аңшы атамыз Әбен ақсақалдың қолында. Аты біздікі дегенмен, бүкіл бағым-қағымы Әбекеңдікі. Әбекең – Қазақстандағы ең мәшһүр бүркітшілердің бірі. 
Тұйғын мен Аққоянның түлкі, қоян ұстағанын көрдім. 
Ұшқыр тазы сағатына 80 км жылдамдықпен жүгіреді, ал үлпілдек жүнді ауған тазысы жазықта жүніне шөп-шалам жабысып көсіліп шаба алмайды, сондықтан мұндай жылдамдыққа тек салюки мен тазы ғана жете алады. Кейінгі кезеңдерде тек спорттық бағытта шығарылған ағылшын грейхаунды арнайы ит стадионында тазыдан 5 км шамасы артық жылдамдықпен жүгіргенімен, алысқа көсіле алмайды және табиғи ортада жүгіруге дағдыланбаған. 
Тазы әр түрлі аңды түрліше тәсілмен аулайды. Кәнігі тазы түлкіні мойнынан алып, әп-сәтте бұрап тастайды, кейде ыңғайына қарай тұмсығынан, құлағынан, тіпті жонынан алатын кезі де болады. Бірақ мұны алаңғасар, тәжірибесіз тазылар жасайды. Қоянды көбінесе қуып жетіп, кез келген жерінен қарпиды. 
Тазының сырттандары қасқырды да алады. Әбекеңнің айтуынша тазы қасқырды түлкіні ұстағаннан мүлде басқа тәсілмен алады екен. Тазы қасқырды қуып жеткен бойда бірден бас салмай қайта-қайта шабынан тартып, ызаландырып, иесінің жақындауын күтеді. Иесі жақындағанда алды-артына қарауға мұршасы келмеуге айналған қасқырдың алқымынан не желкесінен ала түсіп, ұмар-жұмар арпалыса кететін көрінеді. Мұндайда иесі дер кезінде көмекке келмесе, құдды “сырттандар” туралы ертегідегідей, қасқыр тазыны жазым етуі әбден мүмкін, бірақ тәжірибелі аңшы дереу аттан түсіп, аш бөріні сапысымен жайратып салады. 
Өте алғыр тазылар қарақұйрықты да қуып жетіп шабынан алады дегенді талай естідік. Ал таутеке, тауешкі, қабандарды өздері ұстамаса да иелеріне қолайлы тұсқа “қайыратын” аңшы тазылар да аз емес. 
Міне, қадым замандардан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан жеті қазынамыздың бірі – қазақ тазысының арғы-бергі тарихына қатысты хикаяттың ұзын-ырғасы осындай. 
Шүкір, кейінгі жылдары халқымыздың әл-ауқаты артты. Отардағы қой, табындағы сиыр, үйірдегі жылқы саны да барған сайын арта түсуде. Ауыл адамы бір кездердегі адал досы, қырағы күзетшісі, алғыр аңшысы тау төбеттер мен текті тазыларды іздейтін болды. Олардың ауыл-ауылдағы қарасы да көбейе түсуде. 
Жаңа заманның әкелген тағы бір жаңалығы - қаладағы қазақтардың да итке әуестігі арта түсті. Бір-екі баламен шектелуді дағдыға айналдырған қала адамы үшін ит әншейін әуестік немесе еріккендегі ермек, тіпті пәтер күзетшісі ғана емес, сол аз баланың алданышы да болып үлгерді. Жалпы жан-жануарға үйірсек баланың жан-дүниесі сезімтал, сергек болып өседі. 
Бір кездерде Алматы көшелерінде дәл бір Чеховтың кітабынан шыға келгендей ит жетектеген орыс келіншектері көптеп жүруші еді. Бүгінде олардың орнын, Мөңке би айтқандай, “дүдәмәлдау діні бар, алашұбар тілі бар” қазақ келіншектері басты. Сол ит жетектегендердің қолынан неміс, ағылшын, голланд, француз, финн, қытай, жапон, тибет, қойшы әйтеуір, тіпті эскимос итіне дейін көрдім, бірақ тазы жоқ. Кейде ойлаймын, сол міскіндер европа итін жетектеу арқылы өзін европалық мәдениеттің биігінде келе жатқандай сезінетін болса керек. Бар білгені сол болса, ол шіркіндерді сөгу де қиын-ақ. 
Ит – адамның досы, сенімді серігі. Ендеше ит асырайық, бірақ біз асыраған ит екеш итіміз де қазақтың иті болса екен деген тілек айтқым келеді ағайынға. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыздың бабаларымен бірге жасасқан, үстіне қылау түсірмейтін, тектінің тектісі тазы тұрғанда өзге итті табалдырығымыздан аттатып қайтеміз. 
Алматының қақ ортасында қанатты барыс мініп, қолына қыран құсын қондырған тәуелсіздігіміздің символы - Алтын Адам бейнеленген. Соның жанынан өткенде түбі бізбен тамырлас көне инктердің мына бір аңызы есіме түседі... 
“Ұлы жаратушы Негайчо дүниені жарату үшін сапарға шыққанда бүкіл жан-жануар атаулыдан жалғыз итті ғана ертіп шығыпты...” Мен үшін Жаратушы ерткен сол жалғыз ит тазы сияқты көрінеді де тұрады. 
Тәуелсіздігіміздің символы Алтын Адамның ерткен иті жоқ, егер ерте қалса оның тазы болатындығына менің еш күмәнім жоқ.

Комментариев нет:

Отправить комментарий