4 дек. 2009 г.

Алаштың азаматы Батыр Оспан

Алаштың азаматы Батыр Оспан



Оспан батыр басқарған Алтай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің бар мақсаты _ ұлтымыздың еркіндігі, жеріміздің бүтіндігі болатын. Соның дәлеліндей бүгін ел болып Оспан батырдай ұлы тұлғаны еске алып ұлықтап жатырмыз. Бұған мың да бір шүкір.
Оспан батырдың қан жағынан менің атам екені, ал менің ол кісіден тіке тараған ұрпақ екенім ақиқат, алайда Оспан бар қазақтың батыры, алашқа ортақ тұлға. Ол кісіні бір рудың немесе бір топтың ғана батыры етіп қарастырудан аулақ болайық ағайын.
Батырдың өмірі, күрес тарихы, жалпы қозғалс хақында тарихшы-әдебиетші ағаларымыз егжей-тегжейлі тоқталды. Мен сіздерге Оспан батыр Сіләмұлының қолға түсуі туралы Нәби Оспанұлының айтқан естелік әңгімесін баяндап бермекпін.
1951 жылдың басында Мақай деген жерде отырған Оспан батыр ауылы қайта кері көшіп Алтайға бет алады. Оған себеп батыр Гималай асып шетке кетуді құптамайды. Көшуге кеңес бергендерге айтқан жауабы артымда қалған елім бар, жан сауғалап жалғыз кетпеймін деп қайта кері көшіп Қанамбал туының бөктеріндегі Қайыз деген көл жағасына келіп түседі, әрі осы жерге қыстап шықпақ болады.
1951 жыл, ақпанның 19 күні таң енді ағарып атып келе жатқанда жау келіп басып, айғай-шу, азан-қазан болыды да кетті дейді. Қытай әскерлерінің айғайының арасынан ұққаным, Усыман, Усыман деген бірнеше ауыз сөз болды.
Әкемнің ақ ордасы мен менің шатырым іргелес болатын. Жүгіріп сыртқа шығып бірден әкемнің үйінің белдеуіне қарадым. Күндіз-түні белдеуде қаңтарулы тұратын ақ боз ат жоқ. Иә сәт, кетіп қалған екен деп түйдім іштей.
Үйдің алдында су ағар жырашық бар болатын, домалап сол жырашыққа түсіп бас көтерместен бүкшіңдеп құлдап жүгірдім. Алла сәтін салғанда алдан екі ағамды кезіктіріп үшеуіміз табыстық. Олар менен бірден әкемнің жағдайын сұрады, мен сыртқа шыққанда белдеуде ат жоқ, құтылған болар деген жорамал айттым. Олар ұзамай тұрып нақты көз жеткізіп алайық деді. Алайда ол кезде қытай әскерлері ауылды түгелдей қоршап болған. Ағаларым маған біз амалын тауып қойды ауылға қарай беттетейік, сен қой ішімен еңбектеп тіл алып қайт деген соң сол айламен қайта ауылға кіріп әкемнің кетіп қалғанын біліп шықтым, сосын ағаларым таң ағармай тұрып тау жаққа жетіп бой тасалайық, қоршау бұзғандардың бәрі сол жаққа бет алған болар, аман болсақ табысып ақыл қосармыз деді. Су ағарды құлдай сәл жүгіріп енді алаңқыға шыққанымыз сол еді арттан бізді байқап қуған шеріктердің дауысы естіліп аспанға оқ атты.
Ағам Шердихан, сәл қашып барып бір-бірімізге арқа беріп тұра қалайық олар бізді тірі қолға түсірмек, сол үшін көздеп оқ атпайды. Келіп айнала қоршайды, сол кезде үшеуіміз бірге айналдыра шайқайық, жалғыз амал сол деді. Расында олдар келіп басымыздан асыра оқ атып быр көбелек айналып қоршап, былдырлап айғайлап жатыр, Шердиханның дауысы шыға үшеуіміз қатар шайқап едік, 10 ат ойнап шыға келді. Аттан үшеуіміз үшеуін мініп қалғанын айдап, олген шеріктердің қару-жарағын алып тез бой тасалап үлкердік.
Ал әкем жау келіп басқанда қоршауды бұзып шығып кетеді. Алайда Оспан қашса ақ боз атпен қашады, сол ақ атының артынан қалмай қуалау туралы қатаң тапсырма алған шеріктердің тобы ау дегенде ақ атпен қоршауды бұзып шыққан батырдың соңынан кетеді.
Оспан батыр қаша соғысып Қайыз көліне келіп түседі. Ат тағасы тозғандықтан көл ортасына барғанда шатқалақтап барып жығылып тұрмай қалады. Қытай әскерлері жақындай береді, мойынындағы ағылшын автомотын алып бір айналдырып шайқаған соң автомот қақалып оқ шығармай қалады. Жан құралының оғы таусылады. Осы сәтте қаптаған сарала шеріктер келіп басады. Батыр қонышындағы қанжарды суырып бірқаншасын сұлатады. Алайда, шүйе бөріші қаптаған қалың шерік қойсын ба? Осылай батырды қапыда қолға түсіреді.
Сосын күн шыға батырды түйенің үстіне матап байлап, қол-аяғын кісендеп ауыл жанынан алып өтеді. Оны көрген қызы Пәния дауыс салып түйе үстінде байлаулы отырған әкесінің аяғын құшып жылайды. Сол сәтте батыр, батыр қызына ақырып, өшір үніңді, дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпе, мені қытай мықтылығынан ұстаған жоқ, Құдайдың бұйрығымен ұстады, Алла бұйырды, мені байлап алды, мен өкінбеймін, қайт кейін деп паң күйінде аяқ-қолы кісендеулі түйе үстінде қайқайып кете барады.
Осы жолы Қайызда Оспан батырмен бірге Қапас батыр бастаған 40 адам және 300-дің үстінде үй қолға түсіреді. Оспан батыр 1952-жылы 4-айдың 29-күні Үрімжіде атылады. Қапас батыр аштық жарялап өледі. Шердихан, Ниғыметолла, Нәбилер бастаған 500-дей оспанның қалған сарбаздары 1952 жылы қыркүйекке дейін Бәйтік-Боғда кейін Алтай тауларында жалғасты қарсыласу соғысын жүргізеді.

1 комментарий:

М.Әуелхан комментирует...

Бұл мақала Оспанның немересі Өркенбек мырзаныкы.

Отправить комментарий