3 дек. 2009 г.

ҚАЛАДАҒЫ ТОПЫРАҚ ИІСІ


Ерлан Нұрдықан


ҚАЛАДАҒЫ ТОПЫРАҚ ИІСІ

Бұрымына қара қоңыр
Сағыныштан гүл тағып,
Жалаңаяқ барады өмір жанарынан құм тамып.
Тас баспалдақ, таныс көше...
Талықсыйды таңғы аспан.
Торы бұтақ.
Тозған кітап-
Парақтарын шаң басқан,
Аңқиды тек анау қырдан алтын ғасыр өлеңі,
Жердің иісін танауға ұрған жел жетелеп келеді.
Топырақтың иісі гүлде,
Соған ғашық сояулар,
Жапырақтың түйсігінде бозғылтым бір бояу бар.
Найзағайды сабау қылған кейуана – кең дала,
Жердің исін танауға ұрған жеткізер тек жел ғана.
Алқам-салқам дал-көңіл жолға шөлдеп ақ шаңдақ,
Жалаңаяқ барады өмір тас көшеде ақсаңдап...
Торы бұтақ.
Тозған кітап-
Парақтары кірлеген...
Ол-мен, Аға!
Сахараның сағынышынан бүрлеген,
Бесігім – дала,
Бейітім – қала,
Беу, қалғыма түйсігім,
Тас көшеде танауға ұрған топырақтың исімін.

Комментариев нет:

Отправить комментарий